Бразилиядағы оқиғалар-2: фэйк Рональдиньо, қарапайым Клозе, жұрт ұмытқан МакМанаман

Таланты бар, танысы жоқ футболшылар

13.08.2024, 12:07

Таланты бар, танысы жоқ футболшылар

Жасыл алаңда өзіндік өнерімен көзге түсіп, мамандардың жоғары бағасына ие болған футболшылар тарихта өте көп. Бірақ дарынды ойыншы болу бір бөлек те, бақтың жануы бір бөлек. «Бірінші голдың» бүгінгі шығарылымы футбол тарихында болашағынан үлкен үміт күттірген, бірақ түрлі себептермен өз шеберлігін көрсете алмағандар талантты футболшыларға арналады. 

Рикарду Куарежма

«Спортинг» академиясынан түлеп шыққан Куарежма Португалияның ең талантты футболшыларының бірі еді. 17 жасында-ақ түрлі финттерімен қорғаушылардың арасынан оңай сытылып өтетін Рикардуді бір кездері ақпарат құралдары Криштиану Роналдудан да талантты деп жазған болатын. Дарынымен қоса оның өзімшілдігі, өркөкіректігі, сондай-ақ шыдамсыздығы да жоқ емес еді. Жартылай қорғаушы болса да, қорғанысқа көмектескенді ұнатпайтын. Осындай теріс мінезінің салдарынан ұлттық құраманың бапкерлері оны құрамаға шақырудан бас тартатын.

Оның мінезі жайлы 2008 жылы Жозе Моуринью: «Рикарду өте талантты ойыншы. Бірақ оның әлі үйренері көп. Ол тәртіпке бағынып, эмоциясын бағындыра білуі керек. Әйтпесе, ол өз деңгейіне жетпек тұрмақ, алаңға мүлдем шықпай қалуы мүмкін. Ол – көңіл-күйдің адамы. Кеше басқа адам, бүгін мүлдем бөлек, ертеңгі мінезін білу тіптен қиын» деген еді. Айтқаны айна-қатесіз келді. Осындай теріс мінезінің кесірінен карьерасы өрге жүрмеді.

Робиньо

Бразилия футболының болашағы, Рональдо, Пелелердің ізбасары болады деген Робиньо уақыт оза отандастарының шаңына да ілесе алмады. Карьерасын «Сантоста» бастап, алғашқы үш маусымда 80 гол соққанда бәрі Робиньоның бір жерді тесіп шығатынын айтып жатты. Бірақ шабуылшы өзінің шатақ мінезімен футбол мамандарының сенімін ақтай алмай, өз карьерасына өзі балта шапты.

2005 жылы «Реал» сапына ауысып, Еуропадағы алғашқы жылын сәтті өткізгенімен, кейінгі маусымда жарқырап көзге түсе алмады. Клуб басшылығы оған мүмкіндікті де көп берді. Бірақ Мадридте өткізген үш жылында 101 ойынға қатысып, 25 гол соқты. 2008 жылы «Манчестер Ситиге» ауысты. Ол жақта да жолы болған жоқ. Тәртіп сақтамауына байланысты клуб басшылығы оны бірнеше рет жазалады. 2015 жылы «Сантосына» оралып, кейін Қытайдың «Гуанчжоу Эвергранд» командасына, артынша «Атлетико Минейроға» барды.

Ален Халилович

Хорватиялық жартылай қорғаушы Ален Халилович «Динамо» Загреб академиясынан шыққан ең талантты футболшылардың бірі еді. 14 жасында Еуропа мамандары оны назарда ұстады. 16 жасында «Динамо» сапында алаңға шығып, клуб тарихындағы ең жас дебютант атанды. Дәл осы жасында Хорватия құрамасымен алғашқы ойынын өткізді. Осыдан кейін оған қызығушылық танытқан командалардың қатары көбейді. Ойын мәнері жағынан аргентиналық Лионель Мессиге ұқсағандықтан жұрт оны «хорватиялық Месси» деп атайтын.

2014 жылы «Барселона» 17 жастағы ойыншыны 2,2 миллион еуроға сатып алды. Мұнда ол клуб жастарымен «Барселона Б» командасында ойнады. Негізгі құрамға іліге алмаған соң «Барселона» оны Германияның «Гамбург» командасына 5,5 миллион еуроға сатып жіберді. Өкінішке қарай, Халилович бундеслигаға да бейімделе алмады. Мұнда ол небәрі алты ойынға қатысты. 28 жастағы футболшы қазіргі таңда Нидерландтың «Фортуна Ситтард» командасында ойнап жүр.

Боян Кркич

Талантын өз пайдасына асыра алмаған футболшының бірі – Боян Кркич. «Барселона» академиясына 9 жасында келген ол қатарластарына қарағанда тактикалық, физикалық жағынан жылдам дамыды. Осындай қабілетінің арқасында өзінен бір-екі жас үлкен балалармен бірге дайындалып жүрді.

Каталондық клубтың негізгі командасымен бірге 2007 жылы 17 жасында алаңға шығып, команда тарихындағы ең жас дебютант атанды. Оған дейін бұл рекорд Лионель Мессиге тиесілі болатын. Франк Райкаард тұсында ол «Барселона» сапындағы алғашқы маусымында 31 ойынға қатысып, 10 голдың авторы атанды. Командаға Златан Ибрагимович, Давид Вилья сынды тәжірибелі шабуылшылар келгеннен кейін Боян бәсекелестікке шыдай алмады. Боян Кркич негізгі құрамға іліне алмағаннан кейін 2011 жылы командадан кетті. Алдымен «Ромаға», одан кейін «Милан», «Аякс», «Сток Сити» командаларына ауысты. Бірақ «Барселонадағы» алғашқы жылындай ашыла алмады. Сөйтіп футболшы 2023 жылы карьерасын аяқтады.

Алешандре Пато

Бразилиядан шыққан тағы бір талантты футболшы Алешандре Пато ерте бастан мамандардың назарына ілігіп, 19 жасында Еуропаға қоныс аударды. 2008 жылы «Милан» сапына ауысып, 2013 жылға дейін жақсы ойнады. Бес маусымда 51 гол соқты. Әрине, бұл шабуылшы үшін жаман көрсеткіш емес еді.  Алайда 2013 жылы Пато ешкім күтпеген шешім қабылдап, Бразилияға қайта оралды. Осыдан кейін Патоның футболдағы карьерасы кері кете бастады.  Арасында «Челси» мен «Вильярреал» клубтарында да ойнауға тырысты, бірақ бұрынғы деңгейіне орала алмады. Сөйтіп жүріп Қытай, АҚШ чемпионаттарына барып, биыл бутсасын шегеге ілді.

Ибрахим Афеллай

Голландиялық жартылай қорғаушы Ибрахим Афеллай ПСВ мен «Барселона» сапында жүргенде керемет ойынымен көзге түсті. Өкінішке қарай, осындай талантты футболшы 25 жасқа толмай-ақ ұмытылып кетті. «Барселона» клубында екі жыл ойнағаннан соң «Шальке 04» және «Олимпиакос» командасына жалға берді. Бұл жақта да өзін көрсете алмаған соң «Сток Ситиден» бағын іздеп көрді. Төрт маусымда небәрі 49 ойынға қатысқан Ибрахим 2019 жылы ПСВ-ға оралды. Бірақ бұл жақта да оның жолы болмады. Бір жылда бар-жоғы үш матчта алаңға шығып, карьерасын аяқтады. Сарапшылар Афеллай футболдан бұдан да ертерек, яғни «Барсаның» негізгі құрамына ілінбей қалған кезде-ақ кетуі керек еді деп есептейді.

Стефан Эль-Шаарави

Стефан Эль-Шаарави қазіргі таңда «Рома» сапында ойнап жүрсе де, оны талантын таныта алмаған футболшылардың қатарына қосуға болады. 2011-2016 жылдары «Милан» сапында жасындай жарқылдаған шабуылшының ойыны артқа кете бастады. 2014 жылы «Монакомен» 5 жылдық келісімшартқа отырғанымен, бір маусым толық ойнамай, Франция чемпионатынан қуылды. «Ромада» төрт жыл ойнап, футболы жоқ Қытайға кетті. Сондай талантымен Стефан ол жақта да өндіріп ойнай алған жоқ. Екі жылда 16 матчқа қатысып, бір ғана гол соққан. Соған қарамай Стефан биыл Италия ұлттық құрамасымен Еуропа чемпионатына қатысты.

Адриано

Ірі денелі бразилиялық футболшы Адрианода шабуылшыға тән қасиеттің бәрі бар еді. Бой десе бой, дене десе дене, талант десе талант – бәрі-бәрі болды. Бірақ футболшыда ерік-жігер болған жоқ. Соның арқасында ол футболдағы талантын толық аша алмай кетті. Адриано ішімдікке тәуелділігі мен артық салмағын жеңе алмады. Расында да, Адриано керемет шабуылшы еді, оның ойынын көру үшін жанкүйерлер Италияның басқа қалаларынан келетін. Италияда оның жанкүйерлері өте көп болды. Алайда, 2009 жылдары оған Еуропада ойнау қиынға соғатынын, ойнай алмайтынын түсініп, Бразилияға кетіп қалды. Жәй кетпей карьерасын үлкен өткір балтамен шауып кетті.

Материалда:

×
Жаңалықтар Футбол Хоккей Бокс MMA Теннис Баскетбол Ұлттық спорт Матч-болжам