Петропавлдың «Қызылжар» клубы Алматының «Қайратын» қабылдады
Қазақстан премьер-лигасының 17-турында көшбасшы ауысты. Бұдан бөлек ең ірі есеп айырмашылығы тіркелді.
Турдың алғашқы ойынында Петропавлдың «Қызылжар» клубы Алматының «Қайратын» қабылдады.
Клубтар алаңға мына құраммен шықты: «Қызылжар»: Петров, Сәулет, Жақсыбаев, Нижич, Сорокинс, Бушман, Сабино, Имнадзе, Йованчич, Бриджидо, Щебетун; «Қайрат»: Ульянов, Гадрани, Сорокин, Мартынович, Юлдошев, Арад, Ульшин, Сейдахмет, Громыко, Жоао Пауло, Сантана.
Алаң иелері матчты белсенді бастады. Гол соғатын да бірнеше мүмкіндігі болған, алайда олардың ешқайсысын оңтайлы қолдана алмады. Сен соқпасаң, саған соғады деген футбол қағидасы бойынша бірінші таймның соңына қарай қонақтар сапынан Андрей Ульшин есеп ашты - 1:0.
Екінші кезеңде де «Қайрат» футболшылары ширақ қимылдап, есеп айырмасын ұлғайтуға тырысқанымен, жоспарын жүзеге асыра алған жоқ. Дегенмен Алматыға үш ұпаймен оралатын болды. Бұл жеңіс арқылы «Қайрат» 31 ұпайға қол жеткізіп, турнирлік кестеде көш басына шықты. Ал 19 ұпайы бар «Қызылжар» ортада келеді.
«Қызылжар» — «Қайрат» 0:1 (0:1) Гол: Ульшин 39 (0:1) Алаңнан қуылды: Нижич 90+1.
Семейдің «Елімай» клубы «Тұранмен» ойнады. Алаңға шыққан құрам: «Елімай»: Коваль, Шомко, Одеоибо, Яшин, Пенчиков, Дарабаев, Корзун, Майком, Рейес Уренья, Шина, Машуков; «Тұран»: Зәкіров, Шаихов, Велкоски, Хомуха, Николич, Үсіпханов, Сатанов, Нұрмұғамет, Яколиш, Киреенко, Архипов.
Қонақтар сапынан Тимурбек Зәкіров пен қорғаушылар бірқатар өрескел қателік жіберіп, салдарынан үзіліске дейін-ақ төрт бірдей гол соғылды. Эдарлин Рейес Уренья дубль авторы атанса, Никита Корзун мен Ислам Машуков бір-бір голдан соқты.
Екінші таймда Шина 5-голды салса, сонан соң Иван Свиридов есепті 6:0-ге жеткізді. Осылайша, ҚПЛ-2024-тегі ең ірі есеп айырмашылығы тіркелді.
Енді «Елімай» 25 ұпаймен турнирлік кестеде төртінші орын алса, «Тұран» 12 ұпаймен 11-орынға тұрақтады.
«Елімай» — «Тұран» 6:0 (4:0) Голдар: Рейес Уренья 15 (1:0), Корзун 18 (2:0), Машуков 26 (3:0), Рейес Уренья 45+3 (4:0), Шина 72 (5:0), Свиридов 86 (6:0).