Ермаштың Бразилиядағы оқиғасы: 20 минут картинасыз тікелей эфир жүргізіп, Ұлттық арнаны "құтқарды"

Темір торға қамалған топ-футболшылар

18.08.2024, 12:07

Алаңда тәртіпті, өмірде заңсыздықтарға жол беретін футболшылар да болады. Тіпті, кейбірі адам өліміне қатысы бар болып, отырып шыққан. Соңғы кездері Ресейде доп тепкен, голландиялық Квинси Промес Біріккен Араб Әмірліктерінде қашып жүр. Өйткені кокаин контрабандасына қатысы болған. Біз бүгін Бірінші голдың кезекті шығарылымын темір торға қамалған танымал футболшыларға арнамақшымыз.

Паоло Росси

«Алтын доптың» иегері, 1982 жылғы әлем чемпионы, италиялық Паоло Росси жігері мықты жан. Ол әрине адам өлтірген жоқ, есірткі сатқан жоқ. Бірақ келісілген матчқа қатысты деп түрмеде отырып шықты. Футболшы 1978/79 жылғы маусымда «Перуджа» командасының намысын қорғаған тұста келісілген ойын ойнады деп екі айға түрмеге жапты. Сонымен қатар үш жылға футболдан шеттеткен еді. Кейін жазасын шамалы жеңілдетіп, дисквалификация мерзімін екі жылға азайтты. Түрмеден шығып, жазасын өтеген Росси карьерасын жалғастырды. Сонымен қатар ең бастысы 1982 жылғы Испаниядағы әлем чемпионатында Италияны чемпион етті. Әсіресе Зико, Сократес және Фалькао секілді мықтылары бар Бразилияның қақпасына хет-трик жасауы Паулоның атағын алысқа жіберді. Сол жылы ол әлемнің үздік ойыншысы атанып, «Алтын допқа» ие болды.

Эдуард Стрельцов

Түрмеден шығып, карьерасын жалғастырып жетістікке жеткен жалғыз Паоло Росси емес. Әрине, италиялық секілді «Алтын доп» алмаса да, өз заманында «Ақ Пеле» атанған Эдуард Стрельцовтің де жөні бөлек. Ол тіпті темір тордың ар жағында бес жыл отырып келді.

Стрельцов карьерасын 16 жасында бастады. Арада екі  жыл өткенде КСРО чемпионатының үздік бомбардирі атанды. Ал 19 жасында Олимпиада чемпионы болды. Келесі жылы ол 1958 жылы Швециядағы әлем чемпионатына дайындалып жатқан. Дәлірек айтқанда, қыздармен бірге көңіл көтерген екен. Марина Лебедева есімді қыз «Стрельцов мені зорлады» деп арыз жазған. Тексерістің қалай өткені белгісіз, әйтеуір, Эдуард Стрельцов 12 жылға сотталды. Бұл саяси шешім болғаны да айтылады. Ол бес жыл тар қапаста отырып, бостандыққа шығады. Тағы екі жыл кәсіпқой спортқа оралуға мүмкіндік бермейді. Дегенмен арада жалпы саны 7 жыл өткізіп, Эдуард сүйікті ісімен айналысады.

Сөйтіп, қайта оралған соң, бес жыл жасыл алаңда жүрді. Бірден 1965 жылы «Торпедо» клубымен КСРО чемпионы атанды. Өзі екі мәрте үздік ойыншы болып танылған. Нағыз камбэк деп айтуға келеді.

Джордж Бест

Британия футболының маңдайына біткен жұлдыз Джордж Бест туралы бұған дейін шығарылымда айтқанбыз. Ол кезде ішімдікке салынғанын сөз еткенбіз. Бұл жолы сол араққа құмарлығының арқасында түрмеге де қамалғанын айтпақпыз. «Манчестер Юнайтедтің» аңызы 1984 жылы мас күйінде көлік жүргізіп, полиция қызметкеріне шабуыл жасағаны үшін қамауға алынды. Футболшы Рождестволық мерекелерді қосқанда үш ай түрмеде отырды. Өкінішке қарай, бұл оқиға Бестті ойландырмады. 2002 жылы бауырын ауыстырды. Соған қарамстан ішуін жалғастырып, үш жылдан кейін өмірден өтті.

Айта кетейік, Солтүстік Ирландия футболшысы 1968 жылы «Алтын допқа» ие болған.

Ули Хенесс

Атақты неміс футболшы, «Бавария» клубының бірнеше жыл президенті болған Ули Хенесс темір тордың арғы жағын көріп келгендер қатарында. Бірақ ойыншы кезінде емес, 60 жастан асқан соң отырды. Өзі де 20 миллион еуро табысын жасырғанын мойындады. Германияда мұндайға қатты қарайды. Экс-футболшыға 3,5 жыл түрме жазасын берді. Дегенмен жартысын өтеп, тар қапастан шықты. Сосын оның есімі неміс спортының аңыздарының аты жазылған «Даңқ залынан» өшірілді.

Футболшы ретінде Ули Хенесс барлық жетістікке жеткен адам. Ұлттық құрамамен әлем және Еуропа чемпионы атанды. «Бавариямен» клубтық тұрғыда барлығын ұтты.

Рональдинью

Романтикалық футболдың соңғы өкілдерінің бірі, сиқыршы Рональдинью да соңғы жылдары басы бәледен құтылмай жүр. Әсіресе, 2020 жылы дәл 40 жасын Парагвай түрмесінде өткізген болатын.

Футболшы Парагвайға онлайн-казино ашып, кітап сыйлау үшін іскер әйел Далиа Лопестің шақыруымен барған еді. Бірақ сол уақытта ол тергеуге алынып, кейін түрмеге жабылады.

Құқық қорғау органдары «Барселона» экс-ойыншысы мен оның ағасының атына берілген жалған төлқұжаттарды тапқан.

2018 жылы бразилиялық салық төлемегені үшін шетелдік төлқұжаттан айырылды. Роналдиньо сондай-ақ оның отбасы үйі орналасқан көлдің жағасында пирс салу кезінде табиғатты қорғау заңнамасының талаптарын бұзғаны үшін 8,5 миллион риал (2,2 миллион доллардан аса) көлемінде айыппұл төлегені бар.

Ол түрмеде отырып та футбол ойнады. Тіпті, түрмедегілер арасындағы турнирдің де чемпионы атанды.

Александр Кокорин мен Павел Мамаев

Британия және ресейлік футболшылардың арасында түрмеге отырып шыққандар көп. Соңғы жылдардағы есте қалған оқиғаның бірі – Ресей құрамасының экс-ойыншылары Александр Кокорин мен Павел Мамаев болатын.

Олар 2018 жылдың қазан айында ұсталып, бір жыл қамауда отырды. Өйткені Мамаев пен Кокорин достарымен бір күнде екі төбелеске қатысқан. Алғашқы төбелес Мәскеудегі Пекин қонақүйінде болған. Телерна қызметкерінің көлік жүргізушісін соққыға шыққан. Одан кейін Индустрия және сауда министрлігінің департамент директоры Денис Пактың сазайын берген. Осыдан кейін көрші елде резонанс туып, футболшылар қамауға алынды. Басында Кокорин 1 жыл 6 айға, Мамаев 1 жыл 5 айға сотталды. Дегенмен мерзімдерінен бұрын шартты жаза бойынша бостандыққа шықты.

Мамаев түрмеден шыққан соң, «Ростов», «Химки» командаларында ойнады. Сосын 2021 жылы карьерасын аяқтады. Кокорин «Сочи», «Спартак», Италияның «Фиорентина» клубтарында өнер көрсетті. Ал қазір Кипр чемпионатында тәп-тәуір доп теуіп жүр.

Георгий Деметрадзе

Грузиялық шабуылшы Георгий Деметрадзе өз кезеңінде ТМД көлемінде мергендігімен көзге түскен ойыншы. Грузия, Украина, Ресей чемпионаттарының үздік бомбардирі болды. Еуропаға барып, «Фейеноорд» пен «Реал Сосьедад» командаларында ойнап келді.

Футболшы 2011 жылы қылмыскер ретінде танылды. Өйткені кримнальдық топтың мүшесі деген айып тағылып, алты жылға сотталады. Әрине, ол бұл мерзімнің барлығын өтеген жоқ. Бір жылдан кейін рақымшылыққа ілігіп, бостандыққа шықты.

Мейсон Гринвуд

«Астана» Еуропа лигасының топтық кезеңі аясында «Манчестер Юнайтедті» қабылдағанда елімізге келген жас шабуылшы Мейсон Гринвуд те заң бұзып, сотталғандар қатарында.

Ол әрине түрмеде ұзақ отырған жоқ. Бар-жоғы 4 күн ғана темір торға тоғытылды. Сосын кепілдікке ақша қойып, бостандыққа шықты. Футболшыға қыз зорлады деген айып тағылды. «Манчестер Юнайтед» имиджін құртып алмас үшін Гринвудты жаттығудан аластатты. Кейін тіпті келісімшартты бұзды. Былтыр ол Испанияның «Хетафе» клубында ойнаса, жақында Францияның «Марселіне» ауысты.

Жалпы, түрмеде азды-көпті отырып шыққандар арасында Диего Марадона, Тони Адамс, Рене Игита, Фабио Каннаваро, Ромарио сияқты футбол аңыздары да бар.

Материалда:

×
Жаңалықтар Футбол Хоккей Бокс MMA Теннис Баскетбол Ұлттық спорт Матч-болжам