Бұған дейін шымкенттік клубты Беларустан келген Александр Седнев жаттықтырған болатын
Шымкенттің «Ордабасы» клубы Кирилл Кекерді бас бапкер ретінде ресми таныстырды. Бұл туралы клубың әлеуметтік желідегі ресми парақшасында жазылды.
«45 жастағы маман клубпен келісімшартқа қол қойды және жақын арадағы жаттығуда командаға таныстырылады. Бұған дейін Кирилл Кекер «Қайрат» ФК-ның бас бапкері болып, 76 матч өткізген.
Кирилл Сергеевич, Шымкентке қош келдіңіз!» – делінген аталған мәліметте.
Кекер бұл қызметте беларус Александр Седневтің орнын басады. Естеріңізде болса, Седнев «Ордабасының» еурокубоктағы сәтсіз ойынынан соң қызметінен кететінін мәлімдеген.
Шымкент командасы дәл қазір 30 ұпаймен ҚПЛ турнирлік кестесінде үшінші орында тұр.