«Ордабасы» ойынды тағы сатты ма? ҚПЛ-де сауда қызды. Жаңа подкаст!

Ақтөбе футболын басқарған Мажағұлов қамауға алынды

07.09.2024, 12:22

Болат Мажағұловқа тиесілі мүлікке шектеу қойылды

Ақтөбе футболын басқарған Мажағұлов қамауға алынды
Әлеуметтік желі

«Ақтөбе» футбол клубы директорлар кеңесінің төрағасы болған Болат Мажағұлов жемқорлық бойынша қамауға алынды.

Ол 2016 жылы Астанада елорда әкімдігі мәдениет басқармасын басқарған тұста «Күн» субұрқағын салу кезінде қаражат жымқырды деген күдікке ілініп отыр.

Нысанның ашылуы экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың туған күніне орайластырылған болатын. Алайда 2017 жылдан бастап субұрқақ апатты жағдайда тұр.

Тергеу барысында жобаның салық төлеушілерге 1 миллиард теңгеден аса қаражатқа айналғаны анықталды. Сонымен қатар мәдениет басқармасы субұрқақ құрылысын мемлекеттік сатып алу рәсімінсіз жүргізген. Оның жоба-сметалық құжаттамасы болмаған және мемлекеттік сараптамадан өтпеген.

Кейінірек анықталғандай, субұрқақ сапасыз материалдардан жасалған, сондықтан ол тез істен шыққан.

Тергеу жүргізіп жатқан ҚМА мәліметтері бойынша, сол кездегі Астана мәдениет басқармасы бастығының бұған тікелей қатысы бар.

Тергеу аясында Болат Мажағұловтың  3 коммерциялық үй-жайына, 2 паркингке және премиум-класс үйіндегі пәтеріне шектеу қойылған.

Іс бойынша басқа да күдіктілер бар - бұл субұрқақ салған мердігер компаниялардың өкілдері. Барлығы олардан 500 миллион теңгеден астам мүлікке тыйым салынды.

Болат Мажағұлов 1983 жылы Алматыда дүниеге келген. Қазақ ұлттық музыка академиясын тәмамдаған.  Астана қаласының мәдениет және спорт басқармасының басшысы, ҚР Президенті әкімшілігінің ішкі саясат бөлімі басшысының орынбасары және ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің Этносаралық қатынастарды дамыту комитетінің төрағасы лауазымдарын атқарған.

Ал Ералы Тоғжанов Ақтөбе облысының әкімі болғанда қарамағында істейді. Сол кезде еліміздегі ең жанкүйері көп команданың директорлар кеңесінің төрағасы болған.

×
Жаңалықтар Футбол Хоккей Бокс MMA Теннис Баскетбол Ұлттық спорт Матч-болжам