Қазақстан өз алаңында Норвегиямен тең ойын көрсетті
Футболдан Норвегия ұлттық құрамасының бас бапкері Столе Сольбаккен Қазақстанмен өткен Ұлттар Лигасының матчын қорытындылады.
«Біз көп мүмкіндіктер жасауға үміттенген едік. Алайда Қазақстан ұлттық құрамасы өте батыл ойын көрсетті, сапалы қорғанды және контратакаға шықты. Орта шепте 3 қорғаушының жүруі тактикалық тұрғыдан дұрыс болды», — деді Сольбаккен.
Сонымен қатар, Норвегия ұлттық құрамасының бас бапкері Эрлинг Холандтың әрекеттеріне баға берді. Холанд — әлемдегі ең қымбат футболшылардың бірі және Норвегия ұлттық құрамасында қазіргі таңда ең үздік бомбардир.
«Оның ойыны жақсы болды деп ойлаймын, қауіпті сәттер туғызды. Оның гол соғу мүмкіндігі болды, бірақ сәті түспеді. Әрине, Эрлингтің бұл жағдайға көңілі толмағаны жасырын емес», — деп қорытындылады Сольбаккен.
Айта кетейік, футболдан Қазақстан құрамасы UEFA Ұлттар лигасындағы алғашқы ойынын Норвегиямен өткізді.