Мектеп 2025 жылғы желтоқсан айында қолданысқа беріледі
Бұған дейін мұндай мектептің Алматы облысының Талғар ауданында салынатыны туралы айтылған. Қазақстан мен «Атлетико Мадрид» арасында келісімшартқа қол қойылғаны туралы ақпарат клубтың ресми сайтында жарияланды.
Мәліметте клубтың бас директоры Мигель Анхель Хил Марин пен екі отандық компанияның директорлары Шалқар Нұртілеуов (Doscar Group) пен Фаррух Охонов (Sport Asset Management) қол қойғаны көрсетілген. Құжатқа қол қою рәсіміне Қазақстанның Испаниядағы төтенше және өкілетті елшісі Данат Мұсаев та қатысқан.
«Бұл он жылдыққа арналған құжат. Оның негізі былтыр маусым айында – клуб президенті Энрике Сересо бастаған «Атлетико Мадрид» делегациясы Астанада Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевпен және Қазақстан футбол федерациясының президенті Әділет Барменқұловпен кездесу өткізген кезде қаланған», - делінген мәліметте.
EFE Comunica дерегінше, клуб Алматы облысында өзінің Мадридтегі мектебінің инфрақұрылымын қайталауды жоспарлап отыр. Мадридте «Атлетиконың» табиғи төсеніш төселген стадионы, жасанды төсеніш төселген бес алаңы және мыңнан астам баланы сыйдыратын өзге де жаттығу құрылымдары бар.
Мектеп 2025 жылғы желтоқсан айында қолданысқа берілмек.