Алда елордалық команданы тағы 5 матч күтіп тұр
Футболдан Еуропа Конференция лигасының топтық кезеңін «Астана» жеңіспен бастады. Алғашқы матчта сербиялық «Бачка-Топола» клубын қабылдаған Бабаян шәкірттері қарсылас қақпасына жауапсыз бір гол соғып, маңызды үш ұпайды еншіледі.
Матч Алматының Орталық стадионында өтті. Ойындағы жалғыз голды 15-минутта Кипрас Кажуколовас соқты. Мұнан кейін елордалық клуб қорғанысқа көбірек мән беріп, өрескел қателер жіберген жоқ.
Десе де, сербиялық клубтың гол соғатын бірнеше мүмкіндігі болғанын да айта кету керек. Мұндай сәттерде доп бірде бағанға тисе, енді бірде қақпашы Йосип Чондрич сэйв жасап жатты.
Келесі ойынын «Астана» 24 қазанда сырт алаңда Уэльстің «Нью-Сэйнтс» клубына қарсы өткізеді. 7 қарашада Кипрдің «Пафосына» қонаққа барса, 28 қарашада «Витория Гимарайншты», 12 желтоқсанда «Челсиді» өз алаңында қабылдайды. Ал, биылдың соңғы ойынын Бабаян шәкірттері кипрлік өзге клуб АПОЭЛ-мен сырт алаңда ойнайды.