Бразилиядағы оқиғалар-2: фэйк Рональдиньо, қарапайым Клозе, жұрт ұмытқан МакМанаман

«Спорт министрі үндемей жүре бере ме»: Мәжіліс депутаты Черчесовке шүйлікті

15.10.2024, 15:08

Спорт министрі Ербол Мырзабосынов Станислав Черчесовтың ерсі қылығына әлі пікір білдірген жоқ

«Спорт министрі үндемей жүре бере ме»: Мәжіліс депутаты Черчесовке шүйлікті
коллаж: 1bol.kz

Футболдан Қазақстан құрамасының бас бапкері Станислав Черчесовтың қазақша сұрақ қойған журналисті келеке етуі қоғамда үлкен резонанс тудырды. Ресейлік маман бас бапкер болып тағайындалған кезде де дәл осыған ұқсас жайт болып, ол қазақша үйренуге уәде берген еді. Алайда, бес айдан бері тіл үйренгені былай тұрсын, Черчесов бұрынғы әдетіне қайта басқандай.

Аустриямен болған ойыннан кейінгі брифингте журналист Бегасыл Сейтхан бас бапкерге қазақ тілінде сұрақ қойғанда, ол: «француз тілінде сөйлеп жатырсың ба?» деп келеке етті. Бұл қарапайым қазақстандықтардың ғана емес, Мәжіліс депутаты Мұрат Әбеновтің де ашуын тудырды.

«Черчесов Қазақстанның мемлекеттік рәміздеріне құрметсіздік көрсетті. Жаңа Спорт Министірі байқамаған болып, үндемей жүре бере ме?» - деп мәселе көтерді Мәжіліс депутаты.

Ал, спорт журналисі Аслан Қаженов болса Черчесовпен келісімшартты үзіп, оны еліне қайтару керек деген пікірін айтты. Сондай-ақ, мемлекеттік тілді мазақ қылғаны үшін тек бас бапкер емес, Қазақстан футбол федерациясы да жауап беруі тиіс дейді ол.

«Бұл әркетке Станислав Черчесовті елімізге әкеліп, ұлттық құрамаға бас бапкер қылып қойған Қазақстан футбол федерациясы, сіздер, тікелей жауаптысыздар. Егер ешқандай реакция болмаса, онда бұл жағдай сіздер үшін де қалыпты, яғни, норма деген сөз. Отандық футболды әбден қор қылып, өлтірудің аз-ақ алдына әкелдіңдер. Оған қоса мемлекеттік тілді де аяққа таптатқыңыз келе ме? Жоқ, олай болмайды. Қазақ елі оған жол бермейді. Ондайды кешірмейді де», - деп жазды ол өзінің Facebook-парақшасында.

Есте болса, Станислав Черчесов Қазақстан құрамасына бас бапкер болып тағайындалғанда журналист Нұрсұлтан Құрманмен де тіл тұрғысында сөзге келіп қалған еді. Қазақша сұрақ қойған журналистке ресейлік маман ескерту жасап: «сен қазақша сұрасаң, мен осетинше жауап берейін» деп ұрысқаны есте. Артынша қоғам шулаған соң кешірім сұрап, қазақ тілін үйренуге уәде берді.

Черчесовтың ұлттық құрамамен жүргізіп жатқан жұмысының нәтижесі де мәз емес. Ол ресми төрт матч өткізіп, үшеуінде жеңілді.

×
Жаңалықтар Футбол Хоккей Бокс MMA Теннис Баскетбол Ұлттық спорт Матч-болжам