Букмекерлердің болжамы орындалған жоқ
Футболдан Испания чемпионатының 11-турында Мадридте «Реал» мен «Барселона» кездесіп, қонақтар ірі есеппен жеңіске жетті.
Футбол сарапшылары матч алдында корольдік клубты фаворит деп таныған. Букмекерлер де «Реалдың» жеңісіне сенімді болды. Десе де, каталондықтар бірінші таймнан тізгінді өз қолына алып, чемпионаттағы басты қарсыласын тас-талқан етіп ұтты.
Бірінші таймда командалар алма-кезек шабуылдар ұйымдастырғанымен, жанкүйерлер соғылған гол көрмеді. Есесіне, екінші таймда «Барселона» «Реал» қақпасына жауапсыз төрт гол соқты. 54-минутта Роберт Левандовский қонақтарды алға шығарса, араға небәрі екі минут салып ол есепті еселеді. Ал, 78-минутта «Барселонаның» ең жас ойыншыларының бірі Ламин Ямаль Лунин күзеткен қақпаға үшінші голды соқты. Бразилиялық Рафинья болса 84-минутта матчтағы соңғы нүктені қойды.
11 ойыннан кейін «Барселона» 30 ұпаймен турнир кестесінің көшін бастап келеді. «Реал» болса 24 ұпаймен екінші орында тұр.