Шавкат бейнеленген ресми UFC мерчін алуға асық

Черчесовты қызметінен алуға болмайды – ресейлік журналистер Қазақстанның бас бапкерін қорғап әлек

18.11.2024, 01:00

Черчесов бас бапкер болғалы команда әлі бірде-бір гол соққан жоқ

Черчесовты қызметінен алуға болмайды – ресейлік журналистер Қазақстанның бас бапкерін қорғап әлек
ТАСС

Ұлттар лигасының соңғы матчында Норвегиядан 0:5 есебімен жеңілген Қазақстан құрамасы турнир кестесінде соңғы орынды алып, төменгі C дивизионына түсіп қалды. Алты ойында өз қақпасына 15 гол жіберіп, бірде-бір гол соға алмаған Черчесов шәкірттері небәрі 1 ұпаймен жарысты аяқтап отыр.

Ал, құрамаға бас бапкер болып келгелі басы дау мен сөзден арылмаған Станислав Черчесовтың тағдырын ҚФФ-ның жаңа басшылығы шешуі тиіс. Ресейлік маманды 2026 жылға дейін алып қала ма, әлде масқарамен қуып шыға ма – оны желтоқсан айында көре жатармыз.

Десе де, ресейлік спорт сарапшылары мен журналистері Қазақстанның тас-талқан болып жеңіліп қала беруіне бас бапкердің еш қатысы жоқ дегенді айтып жүр. «Гол соға алмаса оған Черчесовтың не кінәсі бар, алаңда жүрген футболшылар кінәлі» деп белгілі экс-футболшы Александр Мостовой күні кеше мәлімдеме жасаған болатын. Ал, бүгінгі Норвегиядағы масқарадан кейін спорт журналисі Дмитрий Клипин тағы да қазақстандық футболшыларды айыптады. Оның пікірінше, алаңға шыққан футболшылар Черчесовке кесірін тигізу үшін қасақана ойнамай қойған болуы мүмкін.

«Эрлинг Холанд Черчесов баптайтын Қазақстан құрамасын тас-талқан етті. «Манчестер Сити» шабуылшысы хет-трик жасаса, Норвегия жалпы ойында 5:0 есебімен жеңді.

Ойынды көріп отырып мынадай ой келді: команда бапкеріне қарсы жұмыс істеп жатқандай. Қақпаға бірде-бір рет доп теппеген Қазақстанды Норвегия езіп жіберді. Енді олар C дивизионында ойнайды», - деп жазды Клипин өзінің Telegram-каналында.

Ал, Александр Троицкий есімді өзге спорт журналисі Черчесовке қазір тиісуге болмайды деген пікірін айтты. Оның ойынша, бас бапкер құраманы әлем чемпмонатының іріктеуіне сақадай сай етіп дайындап апарады.

«Черчесов тағы да шабуылда ойнауды жөн деп тауыпты. Артық қылам деп тыртық қылды. Не соғылған гол жоқ, не ұпай жоқ, есесіне ойсырай жеңіліп қалды. Менің ойымша, Черчесовты қазір қызметінен алуға болмайды, ол құраманы алдағы әлем чемпионатының іріктеуіне дайындауы тиіс», - деп жазды ресейлік журналист өзінің Telegram-каналында.

Айта кетейік, дәл қазір Қазақстан футбол федерациясында президент жоқ. Ұйымды бұған дейін басқарған Әділет Бәрменқұлов осыдан бірнеше күн бұрын отставкаға кеткен. Жаңа президентті сайлау желтоқсан айына жоспарланған.

×
Жаңалықтар Футбол Хоккей Бокс MMA Теннис Баскетбол Ұлттық спорт Матч-болжам