ҚФФ-ға жастар басшы болады. Олар ескі жүйені бұзып, жаңашылдық әкеле ала ма?

«Команда қараусыз қалған»: Ұлттар лигасында масқарасы шыққан Черчесов кінәні Адиевке жапты

19.11.2024, 03:19

Ресейлік маман 6 матч өткізіп, бесеуінде жеңілді

«Команда қараусыз қалған»: Ұлттар лигасында масқарасы шыққан Черчесов кінәні Адиевке жапты
Қазақстан футбол федерациясы

Футболдан Қазақстан құрамасының бас бапкері Станислав Черчесов Ұлттар лигасындағы сәтсіздікке тағы бір сылтау тапты. Оның пікірінше, отандық футболшылардың алты ойында бірде-бір гол соға алмауына команданың бұрынғы бапкерлері кінәлі екен.

Айта кетейік, Ұлттар лигасындағы соңғы матчты Қазақстан сырт алаңда Норвегиямен өткізіп, 0:5 есебімен ойсырай жеңілді. Жалпы, осы турнир барысында Черчесов шәкірттері өз қақпасына 15 гол жіберіп, қарсылас қақпасына мүлдем гол соқпаған. Сондай-ақ, алты матчта қақпаға небәрі алты-ақ соққы жасапты. Мұндай антирекорд Ұлттар лигасында ешбір командада болмаған.

Бас бапкер мұның бәріне бірнеше фактордың себеп болғанын айтады. Бастысы – өзінің ешқандай кінәсі жоқ.

«Мен сылтау іздеп отырғаным жоқ, бірақ бізде осы циклда бірде-бір плюс болған жоқ. Біз өзіміз үйреніп қалғандай Астанадағы синтетикада ойнаған жоқпыз. Мен келгенге дейін бұл туралы ешкім ойланбаған да. Біздің күнтізбе өте қолайсыз түзілген, дайындық жүргізуге артық бір күн де жоқ. Ал, маған дейін дайындыққа уақыт болған.

Келер жылы біз Астанаға ораламыз. Алматыға да реніш жоқ, өте жылы қарсы алды. Синтетиканың болмауынан мұнда ойдағыдай өнер көрсете алмадық.

Мен келгенге дейін команда қараусыз қалған ұжым еді. Мен енді тиісті құжаттар өткізіп, дайындыққа қосымша уақыт бөлдіріп алдым», - деді Черчесов Норвегиямен өткен матчтан кейін.

Биыл B дивизионында өнер көрсеткен Қазақстан құрамасы осы сәтсіздіктен кейін топта соңғы орын алып, C дивизионына түсіп қалды. Черчесов болса ҚФФ-мен түзген келісімшартына сәйкес, 2026 жылдың жазына дейін құраманы тізгіндейді. Егер, оны қызметтен қуып жіберген жағдайда ҚФФ оған 1 млн еуро өтемақы төлеуі тиіс.

Айта кетейік, Черчесовке дейін Қазақстан құрамасын шешен маманы Магомед Адиев жаттықтырған болатын. Ол Ұлттар лигасында сәтті өнер көрсетіп, команданы B дивизионына дейін алып шықты. Сондай-ақ, Еуропа чемпионатының жолдамасы үшін таласу мүмкіндігіне ие болып, соңғы сәтте ғана сүрінді.

×
Жаңалықтар Футбол Хоккей Бокс MMA Теннис Баскетбол Ұлттық спорт Матч-болжам