Бразилиядағы оқиғалар-2: фэйк Рональдиньо, қарапайым Клозе, жұрт ұмытқан МакМанаман

«5 млрд теңге бөлгенше, чемпион болмай-ақ қойсын»: облыс әкімі «Қайсардың» қарызы туралы айтты

20.11.2024, 16:56

Әр облыс әкімдігі ҚПЛ-де ойнайтын клубына 1,2 млрд теңге бюджет береді

«5 млрд теңге бөлгенше, чемпион болмай-ақ қойсын»: облыс әкімі «Қайсардың» қарызы туралы айтты
kzvesti.kz

Қызылорданың «Қайсар» футбол клубы ойыншыларының жалақысын жарытып төлей алмай келеді. БАҚ өкілдерінің хабарлауынша, ұжымда соңғы үш айдан бері айлық алмаған футболшылар көп. Оның үстіне, клуб бұрыннан қалып кеткен 400 млн теңге қарызын жыл сайын бөліп төлеп келеді.

Осы орайда біз Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтан қаржы мәселесінің қашан шешілетінін сұрадық. Оның сөзінен ұққанымыз, «Қайсардың» әкімдіктен алатын бюджеті жақын уақытта өспейді.

«Сырттан келген ойыншыларға босқа ақша төлегеннен гөрі тұрғындар пайдалы маңызды жобаларды қолға алғанымыз жөн. Маған да клубтың басшысы келіп, «қаражатты көбейтсек, бұдан да жақсы нәтиже көрсетеміз, бірінші орын аламыз» дейді. Бюджеттен 5 млрд теңге бөліп, бірінші болмай-ақ қойдық дедім. «Қайсар» – бюджеттен ең аз қаражат қарастырылған команда, мен оны мойындаймын. Бюджет жағынан ең төменгі орындарда тұрғанымыз анық. Бірақ сол ақшаны ауылдарда спортты дамытуға бөлгеніміз дұрыс. 80 спорт алаңы салынды. Стадион салынып жатыр. Спорт кешендері салынып жатыр. Біздің мақсат – қалаға көрік беретін ғимараттар емес, қаракөздерімізді тәрбиелейтін, пайдасы тиетін нысандар салу», - деді әкім. 

Нұрлыбек Нәлібаев клубтың ойыншылар алдындағы қарызына қатысты сауалға да жауап берді.

«Қарыз бізге дейін болған. Клуб басшылығына тапсырма бердім. Егер шын мәнінде біздің қарыз екеніміз дәлелденсе, онда бәрін өтеп береміз. Бұл мәселені көтеріп жүрген – сырттан келген ойыншылар, алайда оларға тиімсіз қаражатты жұмсай беруге қарсымын. Кезінде «Ақтөбе» де қаржылық қиындықтарға тап болып, легионерлеріне ақша төлей алмай жатқанда, 17 жастағы футболшылардан тұратын екінші құрамы келіп «Қайсарды» ұтып кеткен. Кәдімгі ауылдың жап-жас балалары, сол намыстың арқасы еді. Кейін «Қайсар» «Ақтөбенің» негізгі құрамын қонақта ұтып кетті. Сондықтан еліне, ауылына жаны ашитын адамдарды тәрбиелеу керек», - деді.

Бірақ жастардың дамуына жол ашқысы келетін облыс неліктен Бірінші лигада ойнайтын «Қайсар Шиелі» командасын таратып жіберді? Әкімнен осы жайт туралы да сұрадық.

«Шиелідегі команданы жауып тастау деген болған жоқ. Қайта жақсы стадион салып бердік, сонда дайындалып жүр. Біз келгенде «Қайсар» Бірінші лигада жүрген, біз сол қаражатпен-ақ клубты Премьер-лигаға шығардық. Турнирлік кестеде 6-шы, әрі кетсе 7-орында келе жатыр. Қолдау болмаса, жоғары лигаға қалай шығатын еді? Қолдау бар, стадионның салынуы осы сөзімізге дәлел. Бірақ клубтың құрамын қараймыз. Өз ойыншыларымызды, жастарымызды көптеп тартатын боламыз», - деп жауап берді ол. 

Дегенмен УЕФА, ФИФА секілді ұйымдар клубтардың ойыншылар алдындағы қарыздарына мұндайға қатты қарайды. Әкімнен: «Егер қателік кеткені расталса, легионерлермен келісімшартқа отырған 2019-2020 жылдардағы басшылық жазалана ма?» деп сұрадық. 

«Футболдың айналасында шу көп. Қазір Антикор бәрін жіті тексеріп жатыр. Тексеріс аяқталмайынша ашып айтқан дұрыс емес шығар. Бәрі нақтыланған соң, мән-жай анықталады», - деп қорытындылады әкім.

×
Жаңалықтар Футбол Хоккей Бокс MMA Теннис Баскетбол Ұлттық спорт Матч-болжам