Оған жас балаға сексуалдық сипаттағы зорлық көрсетті деген айып тағылған
Павлодар облысында футбол менеджері Расул Құлжанов өмір бойына бас бостандығынан айырылды.
Павлодар облысы қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының мәліметінше, ол жас балаға қатысты сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттерін жасады (ҚК 121-б. 4-б.) және кәмелетке толмаған адамды күш қолдану арқылы психотроптық заттардың тектестерін тұтынуға көндiрді (ҚК 299-б. 3-б. 1), 2) т.) деп айыпталды.
Істің мән-жайын заңмен жария ету мүмкін болмағандықтан, сот отырысы жабық болған.
«Сотталушының кінәсі жас бала жәбірленушінің, оның заңды өкілінің, куәләрдің айғақтарымен, сот сараптамаларының қорытындыларымен және сотта зерттелген басқа да дәлелдемелермен дәлелденді. Сотталушы жасаған қылмыстар ауыр және аса ауыр қылмыстар санатына жатады және тек бас бостандығынан айыру жазасын, ал ҚК-нің 121-б. 4-б. бойынша – өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын ғана көздейді», - делінген мәліметте.
Осылайша, оған қылмыстық-атқару жүйесінің төтенше қауіпсіз мекемелерінде өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.