![«Қайсар» легионерлерін қуған соң шетелдік футболшы FIFA-ға арыз жазды](https://1bol.kz/cache/imagine/1200/uploads/news/2025/02/05/67a2f173496fe826984404.jpg)
Футболшылар бірнеше ай бойы жалақысын ала алмаған
Қызылорданың «Қайсар» клубының 700 миллион теңгеден астам қарызы бар екені айтылады. Өткен маусымда жалақыларын толық ала алмаған футболшылардың бірі FIFA-ға арыз жазып үлгеріпті.
Ол – күні кеше өз отанындағы «Гомель» клубына ауысқан беларусь футболшы Дмитрий Бородин. Екі маусым бойы қызылордалық клубтың сапында өнер көрсеткен легионер жалақысын толық өтеп беруін талап етіп отыр деп жазды football.by сайты.
– Дмитрий неліктен командадан маусым аяқталған соң кетемін деп шештің? Бұл тек қарызға байланысты ма, әлде басқа да себептер бар ма?
– Бірінші кезекте төленбеген жалақыларға байланысты. Қызым Қызылордада ақылы балабақшаға барып жүрді. Әйелім жұмыс істеді, қосымша оқуын жалғастырды. Былтыр жазға дейін ақшадан тарыққан жоқпыз. Маусым ортасынан бастап, жалақы кешіктіріле бастады. Бізге ең болмаса қазір ақша жоқ, сосын табылған соң барлық қарызды өтейміз десе бір жөн еді. Олай болмады. Тек құрғақ уәдемен тойдырды. Екі апта күте тұрыңдар, бәрі болады деп қатырды. Күтеміз, уақыт келеді. Ештеңе жоқ. Одан келесі апта міндетті түрде болады дейді. Тағы жоқ. Ақыр соңында 3-4 ай жалақы алмаған күйі кеттік. Өте қиын кезең болды. Моральдық тұрғыда өте қиын.
Негізі бірінші маусымнан кейін кетемін деп ойлағанмын. Бірақ қалдым. Ал екінші маусым аяқталғанда еш ойланбастан кеттім. Ал жалпы бапкерлерге, спорттық директор Мақсат Байжановқа жалпы клубтағы қызметкерлерге ешқандай тағатын айыбым жоқ. Қаржыландыру жоғары жақтан болмады. Әсіресе, бапкерлер штабына алғысым шексіз. Виктор Кумыков көп нәрсе үйретті. Екі жылда футболшы ретінде өстім. Команда бюджеті аз болса да, бізден де әлеуеті жоғары клубтардан жақсы ойнап, біріншілікті абыроймен аяқтадық.
– Қазір қарызды қайтару бойынша қандай да бір шаралар жүзеге асып жатыр ма?
– Маусым аяқталысымен мен FIFA-ға арыз жаздым және бұл іс-әрекетімді клубтың спорттық директорына ескерттім. Өйткені, сыйластығымыз жақсы еді. Бұл менің ел асып, жер асып жүріп тапқан адал еңбекақым. Сондықтан, ақшамды алатыныма сенімді болу үшін FIFA-ға арыздануыма тура келді. Әзірге, жалақыға берешекті қайтару бойынша ешқандай әрекет жоқ. Мәселеміз шешілетін шығар деп әзірге күтіп отырмыз…
Айта кетейік, өткен маусымда Бородин қызылордалықтар сапында барлық турнирде 23 матч өткізіп, 1 гол соққан және 1 нәтижелі пас берген. 9 қаңтарда футболшы «Қайсардан» кетіп қалды, оған клубтың қаржылық қарыздары себеп болды. Ал биылдан бастап қызылордалық клуб толықтай легионерлерден бас тартты.