![Маған «Барселона» мен «Манчестер Сити» ұнамайды – Қайрат Нұрдәулетов](https://1bol.kz/cache/imagine/1200/uploads/news/2025/02/11/67abacbca6845026828709.jpg)
Ол ұлттық құраманың капитаны болған, Қазақстанның үші дүркін чемпионы
Павлодарлық «Ертіс» клубының бас бапкері Қайрат Нұрдәулетов Еуропадағы кейбір топ-клубтардың ойын стилі ұнамайтынын айтты. Олардың қатарында испаниялық әйгілі «Барселона» мен англиялық «Манчестер Сити» де бар.
Айта кетейік, Қайрат Нұрдәулетовтің өзі Қазақстан құрамасының капитаны болған. «Ертіс», «Қайрат», «Тобыл», «Қайсар» және «Астана» сынды клубтарда өнер көрсетті.
«Мен өзім допты көп ұстайтын тактиканы ұнатпаймын. Сондықтан диагональ пас беріп ойнайтын, вертикаль футболға көбірек көңіл бөлемін. Мысалы, Еуропадағы топ-клубтар «Манчестер Сити» мен «Барселонаның» ойынын көрсем, тез шаршап қаламын. Маған динамика керек. Жылдам футболға қызығамын. Қапталдағы ойыншылардың көбірек араласқаны маңызды. Әрбір бапкердің өз көзқарасы болады. Гвардиола немесе Фликтің тактикасы көңілден шықпайды. Олар допты көп ұстап, пас беріп жүріп алғанды қалайды. Айып алаңына жеткенше қақпаға теппейді, ұрымтал сәтті ұзақ күтеді», - дейді Қайрат Нұрдәулетов SPORT+ арнасына берген сұхбатында.
Айта кетейік, Қайрат Нұрдәулетов карьерасын аяқтаған соң, бапкер ретінде Қазақстан жастар құрамасын жаттықтырды. Ұлттық құрамада бапкердің көмекшісі болды. Ал кейінгі жылдары «Мақтаарал» және «Жетісу» клубтарының тізгінін ұстады. Енді жаңа маусымда бірінші лигадағы «Ертістің» бас бапкері болмақ.