![«Мен болмасам Ресейде картоп жинап жүрер еді»: Стефанов Вуков Елена Рыбакинаны балағаттаған](https://1bol.kz/cache/imagine/1200/uploads/news/2025/02/12/67acbc4081a2c067597249.jpg)
Дегенмен, қазақстандық теннисшіге зорлық-зомбылық көресткені айтылуда
Қазақстанның бірінші, әлемнің жетінші ракеткасы Елена Рыбакина былтыр жеке бапкері – хорватиялық Стефано Вуковты командасынан қуып шыққан болатын. Теннисшіге психологиялық қысым көрсеткен маманды WTA да спорттан бір жылға шеттеткен. Алайда, биыл қаңтарда Рыбакина Вуковты командасына қайта шақыртып алды.
«Чемпионат.com» сайты спортшы мен бапкердің арасында қандай байланыс бар екенін зерттеп жазып көріпті.
Рыбакина WTA-ға жеке өтінішпен шығып, Вуковтың дисквалификациясын алып тастауды сұраған екен. Алайда, ұйым шешімін өзгертпеген.
Еске салайық, қазақстандық теннисші бапкерімен байланысты үзетіні туралы 2024 жылы US Open турнирінің алдында мәлімдеген болатын. Алайда, мұндай шешімнің себебін ол түсіндіріп айтқан жоқ. WTA болса ресми сайтынан Вуковтың парақшасын өшіріп тастап, артынша оның теннисші қыздармен жұмыс істеуіне уақытша тыйым салды.
2025 жылдың қаңтарында Рыбакина Стефано Вуковты командасына қайта қосатынын мәлімдеді. Бұл уақытта ол әйгілі бапкер Горан Иванишевичпен (Новак Джоковичтің жеке бапкері – авт.) ресми жұмыс істесіп жүрген.
Ал, Australian Open турнирінен кейін Рыбакина Иванишевичті командадан шығарып, орнына италиялық Давиде Сангинеттиді алды. Дегенмен, Елена Вуковпен байланысын үзген жоқ. Сангинетти де бұған қарсылық білдірмеді. Өйткені, оның өзі Стефаномен жақсы қарым-қатынаста.
WTA Вуковты неліктен теннистен шеттеткенін әліге дейін ресми мәлімдемеді. Десе де, The Athletic порталы бапкердің бір жылға ғана шеттетілгенін жазып отыр. Ол Рыбакинаға психологиялық қысым көрсетіп, зорлық-зомбылық жасағаны да айтылды. Соның салдарынан теннисші жиі ауырып, бірнеше турнирде жарытып өнер көрсете алмаған.
Ол аз десеңіз, Вуков былтыр тамызда – командадан қуылғаннан кейін – Рыбакинаға жиі қысым көрсетіп, қаңтарда Australian Open турнирі кезінде онымен бір бөлмеде тұрып келген. Бұл – WTA салған тыйымдарға түбегейлі қайшы.
Вуков Рыбакинаны ақымақ деп жиі атаған. Сондай-ақ, «егер мен болмасам, Елена Ресейде картоп жинап жүрер еді» деп келеке еткен.
Дегенмен, қазақстандық теннисшінің өзі бапкерімен байланысы өте жақсы екенін айтып, WTA-ға бірнеше рет өтініш жасаған. Бірақ, Дүниежүізілік теннис қауымдастығы Рыбакинаның сөзіне сенбесе керек, Вучичке қолданған шараларды күшінде қалдырды.