Адиев шәкірттері көктемде Еуропа чемпионатының жолдамасына таласады
Футболдан Қазақстан құрамасының бас бапкері Магомед Адиев sports.ru сайтының өкілімен болған сұхбатта ұлттық құраманың биылғы жетістіктерінің сыры жайында айтты.
- Мен Қазақстан құрамасына келген кезде кейбір ойыншылар сыннан қорқу былай тұрсын, құрамаға келгісі де келмейтін. «Тағы да жеңілеміз, тағы да сынайды бәрі. Бізге оның не керегі бар?» дейтін.
Бірінші жиында мен оларға: «Жарайды, сендер жақсы футболшысыңдар, бірақ тек Қазақстанның ішкі чемпионатында ғана өздеріңді көрсетіп келесіңдер. Мұнда келмейінше мен сендер туралы ешнәрсе білмейтінмін. Өйткені, сендерді тек Қазақстанда ғана таниды. Спорттық мансаптың аяғында өздеріңді танытқыларың келмей ме? Мұны бірге істейік», - дедім.
Оларға өздеріне деген сенім керек болды, басын біріктіру қажет болды. Бірнеше ойыннан кейін өзгеріс байқалды. Иә, біз ұтылуымыз мүмкін еді, бірақ қарсыластың деңгейінен төмен болмайтындай дәрежеге жеттік. Футболшыларда өзіне және бапкерлерге деген сенім пайда болды. Біз бұрынғыдай аянышты халде қорғанбай, қорықпай күресе алатын командаға айналдық.
Қазақстан футболшылары – мінезді, жігерлі жігіттер. Оңайлықпен берілмейді. Бұл бәлкім олардың көшпенді бабаларынан қалған қасиет шығар. Шынын айтқанда, олардың қанындағы осы қасиетін ояту ғана қажет болды, артынша жігіттер өздерін көрсете бастады.
Мәселен, біздің капитан Асхат Тағыберген Әзірбайжанға қарсы болған ойында басынан соққы алып, миы шайқалды. Соған қарамастан 86-минутқа дейін ойнап жүре берген. Тек құлап, тұра алмай қалғанда бір-ақ ауыстырдық. Артынан сұрадым неге айтпайсың деп. «Мен капитанмын ғой, алаңды тастап қалай кетіп қалам?» дейді.
Біз сол ойынды ұттық. Алда тағы екі матч сырт алаңда өткізуіміз керек еді. Асхатқа мұндай халде ойнауға болмайды. Бірақ, маған үнемі жазатын: «мен Словакиямен ойнауға дайын болам» деп. Кейін команданың дәрігері келіп: «Асхат мені шаршатты, күніге жазады: бапкерге айтыңыз, мен келесі ойынға дайын боламын» деп. Оған да күн сайын жазады екен. Көрдіңіз бе мінезді?!
Асхат ақыры Словакиямен ойынға қатысты. Бір 2:1 есебімен жеңдік.
Бұл команда нағыз мінезді команда. Маған олармен жұмыс істеу оңай. Мен оларға үнемі айтамын: Біз стадионға басымызды тік көтеріп кіріп, дәл солай шығып кетуіміз керек» деп. Біз бір идеяға біріктік, бізде сенім бар. Бәлкім жеңісіміздің сыры осы шығар, – деп сөзін түйді футбол маманы.