
Даңқты футболшы қазір «Интер Майами» сапында доп теуіп жүр
Аргентинаның даңқты шабуылшысы Лионель Месси өміріндегі ең басты қателіктерінің бірін атады. Apple Music платформасында болған сұхбатта ол Париждегі қиындыққа толы өмірі туралы да айтқан.
Еске салайық, Месси 2021 жылы «Барселонадан» ПСЖ сапына ауысқан болатын. Алайда, клуб басшылығымен ортақ тіл табыса алмай, 2023 жылы АҚШ-қа көшіп кетті.
«2021 жылы ПСЖ сапына ауысуым ең қате шешім болды. Себебі ПСЖ құрамында ойнау маған қиындық туғызды, сондай-ақ ойындар мен жаттығуларға көңілім толмады. Парижде өмір сүру де қиын болды», — деді аргентиналық футболшы.
Месси мансабында 8 рет «Алтын доп» иегері атанған. Ол «Барселона» сапында Испания Ла Лигасында 10 дүркін ел чемпионы болған. Сонымен қатар, Чемпиондар лигасының 4 дүркін жеңімпазы, 3 дүркін Еуропа суперкубок иегері атанды. 2022 жылғы Әлем чемпионатында Аргентина құрамасымен бірге жеңіске жетіп, мансабындағы ең үлкен жетістікке қол жеткізген.