
Ол «Жетісу» клубымен бірге Премьер-лигада 2019 жылдан бастап ойнады
«Жетісу» футбол клубының экс-ойыншысы, қазір қызылордалық «Қайсардың» намысын қорғап жүрген Айбар Жақсылықов нәтижесі төмен легионерлердің жалақысы әлдеқайда жоғары болатынын айтты.
«Футбол жолы» YouTube-каналына сұхбат берген Жақсылықов жалақының тым төмен болуынан Қызылордаға көшкенін жасырмады.
«Мен "Жетісу" сапында Премьер-лигада ойнаған уақытта 6 гол соғып 200 мың теңге жалақы алсам, дәл сондай 6 гол соққан болгариялық Марин Тошев 6 гол салып менен 100 есе көп жалақы алатын. Дегенмен бәлкім келесі маусымда жалақымды өсіретін шығар деп ойлағанмын. Алайда, ешқандай өзгеріс болмады», - деді Айбар Жақсылықов.
Айбар Жақсылықов 2019 жылы ҚПЛ-дегі дебютінде «Оқжетпеске» қарсы ойында гол соғып, командасының жеңіске жетуіне септігін тигізді. 2020 жылы Ұлттық құрамаға шақырылып, Ұлттар лигасында өнер көрсеткен.