
22 наурызда Қазақстан Уэльспен кездеседі
Футболдан Қазақстан құрамасының бас бапкері міндетін уақытша атқарушы Әли Әлиев 2026 жылғы Әлем чемпионатына іріктеу кезеңі аясындағы матчтарға шақырту алған ойыншылардың нақты тізімін жариялады.
Нақты тізімге 32 футболшы енді. Оқу-жаттығу жиыны бүгін Түркияның Анталия қаласында басталды. Айта кетейік, шетелде өнер көрсететін ойыншылар ұлттық құрама сапына 17 наурызда қосылады.
Әу баста кеңейтілген тізімде болған футболшылардың біразы алдағы ойынға шақырту алмады. Олар: Әлібек Қасым, Оралхан Өміртаев, Артур Шушеначев.
Қақпашылар: Мұхаммеджан Сейсен («Астана»), Александр Заруцкий, Темірлан Анарбеков (екеуі де – «Қайрат»), Стас Покатилов («Сабах», Әзербайжан), Дулат Талыспаев («Кеге», Дания).
Қорғаушылар: Александр Марочкин, Ян Вороговский, Марат Быстров (бәрі – «Астана»), Нұралы Әліп («Зенит», Ресей), Роман Асранкулов («Тобыл»), Еркін Тапалов («Қайрат»), Ұлар Жақсыбаев, Сұлтанбек Астанов (екеуі де – «Ордабасы»), Әділбек Жұмаханов («Елімай»), Мәди Хасейн («Жеңіс»).
Жартылай қорғаушылар: Асхат Тағыберген («Ордабасы»), Рамазан Оразов («Силькеборг», Дания), Бақтиер Зайнутдинов («Бешікташ», Түркия), Эльхан Астанов («Астана»), Ислам Чесноков, Наурызбек Жагоров (екеуі де – «Тобыл»), Серікжан Мужиков («Елімай»), Ғалымжан Кенжебек («Кошице», Словакия), Алияр Мұхамед («Оқжетпес»), Георгий Жуков («Пуща», Польша), Дінмұхамед Қараман («Жеңіс»), Давид Есімбеков («Жетісу»).
Шабуылшылар: Абат Айымбетов («Адана Демирспор», Түркия), Максим Самородов («Ахмат», Ресей), Айбар Жақсылықов («Қайсар»), Дастан Сәтпаев («Қайрат»), Рамазан Кәрімов («Астана»).
Естеріңізге сала кетейік, Қазақстан құрамасы 2026 жылғы әлем чемпионатының іріктеу кезеңінде наурыз айында сырт алаңда екі маңызды матч өткізеді. 22 наурызда Кардифф қаласындағы «Cardiff City» стадионында Уэльспен кездеседі. Ойын Астана уақытымен 23 наурызда сағат 00:45-те басталады.
25 наурызда құрамамыз Лихтенштейнге қарсы ойнайды. Матч Вадуц қаласындағы «Rheinpark» стадионында өтеді. Бұл ойын да Астана уақытымен 00:45-те басталады.