Асхат Тағыберген психологиялық тұрғыдан жанып кетті ме? Бас бапкер түсіндірді

23.03.2025, 09:04

Қазақстан қақпасына кірген үш голдың екеуіне Тағыбергеннің қатысы бар

Асхат Тағыберген психологиялық тұрғыдан жанып кетті ме? Бас бапкер түсіндірді
Қазақстан футбол федерациясы

Футболдан Қазақстан құрамасы Уэльстен жеңілгеннен кейін бас бапкер Али Алиев баспасөз конференциясын өткізіп, ойынға қысқа талдау жасады және журналистер сұрағына жауап берді.

Журналистердің бірі команда капитаны Асхат Тағыбергеннің жағдайын сұрады. Өйткені, Заруцкий қақпасына кірген үш голдың екеуіне капитанның тікелей қатысы бар. Оның үстіне, соңғы бірер апта бойы ақпараттық кеңістікте жұрт Тағыбергеннің «Ордабасыда» алатын жалақысын (20 млн теңге) талқылап жатыр.

«Асхатты психологиялық тұрғыда мұқият қадағаладым. Ол жолдастық кездесулерде жақсы өнер көрсетті және «Кюрасамен» болған матчта гол соқты. Шабуылға өте жақсы қосылып отырды. Асхат – психологиялық тұрғыда тұрақты. Ол – капитан. Уэльс, Бельгия сияқты топтағы үздік құрамалармен ойындарда тәжірибесі қажет болады. Мысалы, шартты түрде Мәди Хасейнді қойсаң, бұл – тәуекел болар еді. Бірінші голдағы қателігі – бұл әрине техникалық жағдай. Сондықтан психологиялық тұрақсыздықпен байланыстырудың қажеті жоқ», - деді Әли Әлиев.

Оның айтуынша, 50 мың жанкүйер келіп, сүйікті командаңдасына қолдау көрсетіп жатқанда кез келген футболшыға ойнау оңай емес. Мұндай сәтте командаға тәжірибелі ойыншылар көбірек қажет. 

«Пенальти тепкен кезінде оны құдай қолдады. Капитан ретінде жауапкершілікті өз мойынына алды. Егер Асхат теппесе, тағы әңгіме болар еді. Ол психологиялық тұрғыдан дайын болмады дегенмен келіспеймін», – деді Қазақстан құрамасының бас бапкері.

Еске салайық, Қазақстан құрамасы Уэльстен 1:3 есебімен жеңілген болатын. Ұлттық құраманың осы ойындағы жалғыз голын Асхат Тағыберген пенальтиден соқты.

Бұл туралы не ойлайсыз?
Ұнайды5
Ұнамайды1
Күлкілі0
Ашулану0
0 Пікір
Сіздің пікірікіз редакция тексеруінен өтеді
СоңғыТанымал
Әзірге жазылған пікір жоқ
×
Жаңалықтар Футбол Хоккей Бокс MMA Теннис Баскетбол Ұлттық спорт Матч-болжам