
Соңғы рет Қазақстан ресми турнирлерде 2023 жылдың қарашасында жеңіске жеткен
Футболдан Қазақстан құрамасы Әлем чемпионатының іріктеу турнирінде Лихтенштейнмен кездесіп, 2:0 есебімен жеңіске жетті.
Матч Вадуц қаласындағы «Райнпарк» стадионында өтті. Қазақстан бұл ойынға фаворит ретінде келді. Өйткені, Лихтенштейн әлемдегң ең әлсіз құрамалардың бірі саналады, ФИФА рейтингінде олар 211 команданың ішінде 204-орында тұр.
Матч бастала салысымен Али Алиев шәкірттері шабуылға ден қойды. Десе де, қазақстандық футболшылар жиі қателесіп, тайм соңына дейін тура соққы жасай алған жоқ. Тек 42-минутта қапталдан көтерілген допқа бірінші жеткен Максим Самородов баспен гол соқса, 45-минутта дәл сол Самородовтың берген пасын Александр Марочкин голға айналдырды.
Екінші таймда Қазақстан допқа көп иелік еткенімен, қауіпті шабуылдар жасай алмады. Тиісінше, гол да соға алған жоқ. Қорытынды есеп – 2:0.
Осылайша Қазақстан құрамасы 3 ұпаймен J тобында үшінші келеді. Бірінші матчта Али Алиев шәкірттері Уэльстен 1:3 есебімен жеңілген. Келесі ойын жазда Қазақстанның алаңында өтеді.
Айта кетейік, соңғы рет Қазақстан құрамасы ресми ойындарда тек 2023 жылдың қарашасында ғана жеткен. Ол кезде біздің команда Еуропа чемпионатына іріктеу турнирі аясында Сан-Мариноны 3:1 есебімен тізе бүктірген.