
Соның өзінде, олар Қазақстан футболшыларынан көбірек жүгіріпті
Футболдан Қазақстан құрамасы 2026 жылғы әлем чемпионаты іріктеу кезеңіндегі екінші матчында Лихтенштейнді жеңді. Матчтан кейінгі баспасөз мәжілісінде Лихтенштейн құрамасының бас бапкері Конрад Фюнфштюк командасында бар-жоғы 4 қана кәсіпқой футболшы бар екенін айтты.
«Біздің құрамда Швейцарияда ойнайтын төрт кәсіби футболшы бар. Қалғандарының бәрі – футболды жан-тәнімен сүйетін әуесқой ойыншылар. Олардың басқа негізгі жұмыстары бар. Бүгін біз 114 шақырым жүгірдік, ал Қазақстан құрамасы – 107 шақырым. Демек, әуесқойлар Қазақстанның кәсіби ойыншыларынан көбірек жүгірді. Осы кәсіби футболшылар – біздің құраманың негізгі тірек ойыншылары. Бізде кәсіби ойыншылардың болғанына өте қуаныштымыз», - деді Фюнфштюк матчтан кейін.
Еске сала кетейік, Қазақстан құрамасы сырт алаңда Лихтенштейнді 2:0 есебімен жеңді. Ұлттық құрама сапынан Максим Самородов пен Александр Марочкин мергендік танытты.
Ал, Лихтенштейнде бар-жоғы 40 мыңға жуық халық тұрады.