
Қазақстан футбол федерациясының бұрынғы президенті Әділет Барменқұлов ҚМА тарапынан ҚФФ бұрынғы басшылығына қатысты жүргізіліп жатқан тергеуге қатысты мәлімдеме жасады.
Федерацияның бұрынғы басшысы өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында БАҚ беттерінде жалған ақпарат тарап жатқанын алға тартты.
«Кейбір бұқаралық ақпарат құралында жалған мәлімет таралып жатқандықтан, ресми мәлімдеме жасауды жөн көріп отырмын.
Бас прокуратура Қазақстан футбол федерациясы мен бірқатар футбол клубына тексеріс жүргізді. Соның нәтижесіне сай, Қаржы мониторингі агенттігі сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатыр.
Алдын ала тон пішіп, тағылған айып пен заң бұзушылықтарды менің атыммен байланыстыру негізсіз», – деп жазды Бәрменқұлов.
Ол БАҚ пен түрлі блог авторларын, ақпарат агенттіктерін «қоғамды жаңылыстырмай, болжам-жорамалдар таратпауға» шақырды.
«Қажет болған жағдайда мен өз атымды ғана емес, Қазақстан футболын дамыту жолында атқарған жұмысымның нәтижесін де ашық қорғауға дайынмын. Бүгінде кез келген деструктивті сөз менің абыройыма ғана емес, Халықаралық деңгейде еліміздің бүкіл спорт қауымдастығының беделіне нұқсан келтіреді.
Тергеу органдарының заң шеңберінде жұмыс істеп жатқанына сенімдімін», - деп түйіндеді сөзін ол.