
Клубтың ресми өкілдері бұл ақпаратты әлі растаған жоқ
Сербиялық маман Милич Чурчич Петропавлдың «Қызылжар» командасының бас бапкері атанды. Бұл туралы «Серый CARDINAL» телеграм-каналы жазды.
«Милич Чурчич – «Қызыл-Жар» футбол клубының жаңа бас бапкері. Алайда, ол бүгінгі кубоктік матчта болмайды. Командаға ресми түрде таныстырылғаннан кейін, келесі аптада қызметіне кіріседі», – делінген ақпаратта.
Еске сала кетейік, Чурчич Қазақстанда бұрын да жұмыс істеген. 2023/2024 маусымда ол Қостанайдың «Тобыл» клубын жаттықтырып, командамен бірге Қазақстан Кубогы мен Суперкубогында жеңіске жетті.
Ол Беларусь маманы Александр Бразевичтің орнын басады. Алайда, осыдан біраз уақыт бұрын петропавлдық клубтың баспасөз қызметі Бразевичтің жұмыстан кететіні туралы ақпаратты жоққа шығарған болатын.