
Осылайша «Қайрат» финалда екінші мәрте жеңіліп отыр
Алматының «Қайрат» футзал клубы 2024/2025 жылғы УЕФА Чемпиондар лигасының финалында Испанияның «Пальма» командасынан ойсырай жеңіліп, күміс жүлдегер атанды.
Финалдық матч Францияның Ле-Ман қаласында өтіп, есеп 4:9 болып аяқталды.
Ойын барысында «Қайраттың» сапынан Кайо Руис, Даурен Турсагулов, Жахангир Рашит және Кевин Арриета гол соқты. Алайда қарсылас команданың шабуылы басым болып, «Пальманың» ойыншысы Фабиньо бір матчта төрт гол (покер) салып, кездесудің басты қаһарманына айналды. Сондай-ақ Гордильо, Мачадо, Ривильос, Нигиньо және Майя бір-бір голдан еншілеп, жеңісті еселей түсті.
Бұл — «Пальма» клубының қатарынан үшінші рет Чемпиондар лигасында топ жаруы. Осылайша, испандық ұжым Еуропадағы ең үздік клубтардың қатарына нық енді. Қазіргі таңда олар тек «Интер» (5 рет) мен «Барселонадан» (4 рет) ғана кейін тұр.
Ал «Қайрат» бұл турнирдің финалында екінші мәрте жеңіліп отыр. Бұған дейін команда 2013 және 2015 жылдары Еуропаның басты кубогын екі рет жеңіп алған болатын.
Айта кетейік, үшінші орын үшін өткен кездесуде «Картахена» португалиялық «Спортингті» пенальти сериясында (2:2, пенальти — 3:1) жеңіп, қола жүлдеге ие болды.