
Ол бүгінде қазақ тілін үйреніп жүргенін де айтты
Кот-д’Ивуардан келген 35 жастағы футболшы Драмане Коне Қазақстандағы кәсіби мансабын аяқтап, бүгінде Орал қаласында балалар жаттықтырушысы ретінде жұмыс істеп жүр.
Коне 2011 жылы елімізге келіп, футболшы ретінде кәсіби мансабын бастады. Ол 12 жыл бойы түрлі клубтарда — «Каспий», «Ақжайық», «Жеңіс» және «Мақтаарал» командаларында өнер көрсетті. Коне Бірінші лигада 260-тан астам матч өткізіп, 20 гол соқты. Ал 2022 жылы «Мақтаарал» командасы Премьер-лигаға жолдама алған соң, Коне екі маусымда 33 матчқа қатысып үлгерді. Алайда, 2024 жылы команда чемпионаттан шығып қалуына байланысты ол клубпен қоштасты.
Драмане Коненің Қазақстандағы өмірі тек футболмен шектелмейді. Ол 20 жасында Қазақстанға арман қуып келсе, бүгінде еліміз оның екінші отанына айналды. Себебі ол қазақ қызына үйленіп, Оралда тұрып жатыр. Өзі бір сұхбатында қазақтың ұлттық тағамдарын сүйіп жейтінін және шәкірттері үшін ғана емес, қызы Ясмина үшін де қазақ тілін үйреніп жүргенін айтқан. Осылайша, Коне бүгінде тәжірибесімен бөлісіп, отандық футболдың дамуына үлес қосып жүр.