
Габриэль Сильва қарсыластан допты тартып алу үшін 40,3 км/сағат жылдамдықпен жүгірген
23 жастағы бразилиялық шабуылшысы Габриэль Сильва Виейра футболдағы жылдамдық бойынша жаңа әлемдік рекорд орнатты. Аяқдоп шебері сағатына 40,3 шақырым жылдамдықпен жүгірген. Ол Португалияның «Санта-Клара» клубында ойнап жүр және бұл көрсеткішті 11 мамырда «Фамаликанға» қарсы матчта тіркеді.
Португалия чемпионаты аясында өткен кездесуде «Санта-Клара» өз алаңында «Фамаликанды» 2:1 есебімен жеңген. Матч барысында Габриэль Сильва қарсыластан допты тартып алу үшін жүгіріп бара жатып, жылдамдығын 40,3 км/сағатқа дейін жеткізді.
Бұл спринтерлік көрсеткіш арнайы сенсорлар арқылы тіркелді — мұндай құрылғылар Португалия чемпионатының барлық ресми матчтында қолданылады.
Осылайша, Сильва рекордтың бұрынғы иесі – Англияның «Ньюкасл» клубының қорғаушысы Свен Ботманның (39,21 км/сағ) нәтижесінен асып түсіп, жаңа әлемдік рекорд орнатты.