
«Ахмат» Премьер-лигадан төменгі дивизионға түсіп кетпейтін болды
Қазақстандық шабуылшы Максим Самородов Ресей чемпионатында кезекті мәрте мергендік танытты.
Грозный қаласының «Ахмат» клубы Ресей премьер-лигасының 28-турында өз алаңында Махачкала «Динамосымен» тең түсті.
Ойынның 36-минутында қарсыластар сапынан Сердер Сердеров пенальтиден есеп ашып, «Динамоны» алға шығарды. Алайда, 48-минутта алаң иелері есепті теңестірді. Гол авторы – Максим Самородов. Осылайша, қазақстандық футболшы клубын жеңілістен құтқарып қалды, есеп – 1:1.
Биылғы маусымда Максим Самородов «Ахмат» сапында 29 матчта 8 гол соғып, 4 нәтижелі пас берген. Жергілікті БАҚ мәліметінше, бүгінде Самородовқа «Краснодар», «Локомотив» және «Спартак» секілді клубтар қызығушылық танытуда.
Ресей Премьер-лигасының турнирлік кестесіне келсек, маусым аяқталуына бір тур қалғанда «Ахмат» 25 ұпаймен 14-орында тұр. Ал «Динамо» 28 ұпаймен 12-орынға жайғасты. Турнир регламентіне сәйкес, 15-16-орын алған командалар Бірінші лигаға түссе, 13-14-орын иегерлері екінші дивизион командаларымен өзара мықтыны анықтайды.