
Оның «Әл-Насрдағы» болашағы әзірге белгісіз
Криштиану Роналду жаңа маусымда Азия чемпиондар лигасында ойнау мүмкіндігінен айырылды. Себебі, ол өнер көрсететін Сауд Арабиясының «Әл-Наср» клубы ел чемпионатында әзірге 4-ші орында тұр.
Қазіргі уақытта турнир кестесінде 32 тур ойындарынан кейін «Әл-Иттихад» 77 ұпаймен көш бастаса, «Әл-Хилал» 71 ұпаймен екінші орында тұр. Үшінші сатыдағы «Әл-Кадисия» 65 ұпай жинаса, «Әл-Насрдың» 64 ұпаймен оларды қуып жету мүмкіндігі өте төмен.
Осылайша 2025-2026 жылғы Азия чемпиондар лигасына (AFC сhampions League Elite) Криштиану Роналду қатыса алмайды. 32-тур ойындарында «Әл-Таавунмен» 1:1 есебімен тең ойнап, команда турнир кестесінде 4-орыннан жоғары көтеріле алмады.
Криштиану Роналду осы маусымда 33 гол соққанымен, командамен бірде-бір ірі трофей ұта алмады. Сондай-ақ, оның «Әл-Насрдағы» болашағы әзірге белгісіз. Себебі, осы жазда клубпен келісімшарты аяқталады. Бұдан бөлек, футболшымен жаңа келісім туралы келіссөздер әзірге айтылмады.