
Тәртіп бұзған азамат 10 тәулікке қамалды
Қазақстан премьер-лигасының 9-турындағы «Жеңіс» пен «Қызыл-Жар» (0:0) арасындағы матч аяқталғаннан кейін «Астана Арена» стадионының сыртында «Жеңіс» пен «Астана» жанкүйерлері арасында төбелес болды.
Астана қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған межааралық сотының баспасөз қызметі бұл жөнінде былай хабарлады:
Сот стадион маңында төбелес ұйымдастырып, қоғамдық орында азаматтардың тыныштығы мен тәртібін бұзған азамат Д.-ға қатысты әкімшілік істі қарады. Оның әрекеті Қазақстан Республикасы ӘҚБтК-нің 434-бабы 1-бөлігіне сәйкес ұсақ бұзақылық ретінде сараланды.
Сот отырысында Д. кінәсін мойындап, өкінетінін білдірді және жанжалды маска киген адамдар — болжам бойынша футбол клубының фанаттары — арандатқанын түсіндірді.
Құқық бұзушылықтың мән-жайлары оқиға орнындағы бейнежазба арқылы расталды.
Аталған баптың санкциясында 20 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) көлемінде айыппұл салу немесе 5 тәуліктен 15 тәулікке дейін әкімшілік қамауға алу жазасы көзделген.
Құқық бұзушылықтың сипаты, оның қоғамға теріс әсері және көрсетілген құрметсіздік ескеріле отырып, сот азамат Д.-ға 10 тәулік әкімшілік қамау түріндегі жаза тағайындады.
Желідегі жанкүйерлердің жазбасына сүйенсек, «Астана» клубы шымкенттік жанкүйерлерден, «Жеңіс» ақтөбелік фанаттардан көмек сұраған.