Ломтадзе ұлыбританиялық «Уиком Уондерерс» командасының 90% акциясына иелік етеді
Қазақстан футбол федерациясының атқарушы комитетінің жаңа құрамы бекітілді. Жаңартылған құрамға бірқатар жаңа мүшелер еніп отыр. Олардың қатарында ірі бизнес өкілдері, мемлекеттік органдардың қызметкерлері және спорт саласының мамандары бар.
Жаңа құрамдағы атқарушы комитетіне Әсет Ерғалиев, Михаил Ломтадзе, Гаджи Гаджиев, Нұрсұлтан Құрман, Нуну Каштру (португалиялық маман), Вахид Масудов қосылды.
Бұған дейін аталған құрамға Марат Омаров (ҚФФ президенті), Қайрат Боранбаев, Бегайым Қырғызбаева, Қайрат Оразбеков, Тимур Турлов енген болатын.
Жаңа құрамды бекіту кезінде күн тәртібінде ҚФФ-ның ұйымдық және жарғылық құрылымын реформалау мәселелері қаралған. Жарғыға өзгерістер енгізіліп, конференцияның жаңа мүшелерін қабылдау және бұрынғыларын шығару жайы талқыланды.
Сондай-ақ, өзгерістердің бірі ретінде Қазақстанның Кәсіби футбол лигасынан (ПФЛК) жарыстарды өткізу құқығы қайтарып алынғаны және оның ҚФФ құрамындағы мүшелігінің тоқтатылғаны мәлім болып отыр. Енді ПФЛК президенті ҚФФ атқарушы комитетінің құрамына енбейді.