
Маусым басталғалы клубқа үшінші бапкер келіп отыр
ҚПЛ-де сәтсіздіктен көз ашпаған «Атырау» футбол клубының бас бапкері ауысты. Бұған дейін клубты уақытша жаттықтырған Қуаныш Қабдолов отставкаға кетіп, оның орнына Денис Мамонов тағайындалды. Бұл туралы клубтың баспасөз қызметі хабарлап отыр.
Айта кетейік, биылғы маусымды атыраулық футболшылар Константин Горовенкомен бастаған. Алайда, жеңілістер сериясы тоқтамағандықтан ол қызметтен кеткен болатын.
«Қуаныш Қабдолов маусымның қиын сәтінде бас бапкер қызметіне келіп, алты ойын өткізді. Ол клубтан кетпейді және бұрынғы қызметі – QJL жобасындағы командаларды үйлестіруші рөліне қайта оралады», – делінген клуб мәлімдемесінде.
Бүгіннен бастап «Атырау» ойыншыларын Денис Мамонов жаттықтыра бастады. 43 жастағы павлодарлық маман бұған дейін ҚПЛ-дің бірнеше клубында жұмыс істеген.
«Денис Николаевич қазіргі таңда 21 жасқа дейінгі Қазақстан жастар құрамасының аға бапкері. Маусым басында “Атырауға” қайта оралған Мамонов бас бапкер Константин Горовенконың көмекшісі болған еді», - делінген аталған мәлімдемеде.
Қазір Атырау турнирлік кестерің соңғы орнына жайғасқан. 12 турда бар болғаны 4 ұпай жинады.