
Клуб футболшыға келісімшарт бойынша тиесілі еңбекақысын толық төлемеген
Украиналық жартылай қорғаушы Евгений Макаренко Шымкенттің «Ордабасы» футбол клубына қатысты УЕФА-ға ресми шағым түсірді. Бұл туралы Қазақстан ұлттық құрамасының баспасөз хатшысы Ермұхамед Мәулен YouTube желісіндегі «Fonteam» подкастында мәлім етті.
Ермұхамед Мәуленнің айтуынша, клуб футболшыға келісімшарт бойынша тиесілі еңбекақысын толық төлемеген.
«Макаренкоға бүгінге дейін жалақысы толық көлемде төленбеген. Осыған байланысты ол УЕФА-ға ресми хат жолдады. Бұл — өте теріс тәжірибе. Бұрынғы басшылықпен жасалған келісімшарт бар, бірақ жаңа басшылық келген кезде жауапкершіліктен жалтаруға тырысады. Алайда қол қойылған келісімнің заңды күші бар, сондықтан ақыр соңында бәрібір төлеуге міндетті болады», — деді Ермұхамед Мәулен.
Айта кетейік, Евгений Макаренко биыл сәуір айында «Ордабасы» клубынан кеткен. Бұған дейін ол командадағы ең жоғары жалақы алатын футболшы болғаны хабарланған.