
Әділет Бәрменқұловқа қатысты ешқандай шара қолданбаған
Наурыз айының соңында бас прокуратура Қазақстан футбол федерациясының (ҚФФ) бұрынғы басшылығына қатысты тергеу жүріп жатқанын хабарлаған еді. Бүгін Мәжіліс кулуарында қаржылық мониторингі агенттігі төрағасының орынбасары Жеңіс Елемесов осы істің соңы немен аяқталғанын айтты.
Ол қылмыстық іс шеңберінде федерация басшылығы 2 млрд теңге ақшаны бюджетке қайтарғанын жеткізді. Ал осы тұста біраз уақыт федерацияны басқарған Әділет Бәрменқұловқа қатысты ешқандай шара қолданбағанын, ол тергеуге алынбағанын жеткізді.
«Ол күдікті деп танылмаған, оған қатысты айып тағылған жоқ», - деп қысқа жауап берді Елемесов.
4 наурызда Қазақстан футбол федерациясының бұрынғы басшылығы тергеліп жатқаны белгілі болған еді. Қазнетте Әділет Бәрменқұловқа қатысты тергеу басталғаны туралы ақпарат тараған болатын. Бірақ кейін ол «Заң бұзушылықтарды менің атыммен байланыстыру негізсіз» деп мәлімдеме жасаған еді.