
Ақтөбеліктер алматылықтарға шара қолдануды талап етіп отыр
«Ақтөбе» клубының баспасөз қызметі Қазақстан Премьер-лигасының 11-турында «Қайратпен» болған матчтағы даулы жағдайларға байланысты ресми мәлімдеме жасады.
Еске салсақ, аталған ойын 1:2 есебімен алматылықтардың жеңісімен аяқталды. Ойын барысында даулы жайттар туындап, «Ақтөбе» ойыншысы Идрис Умаев, «Қайрат» ойыншысы Валерий Громыко және алматылық клубтың бас бапкері Рафаэль Уразбахтин алаңнан қуылды. Ал, матчтан кейін қос тарап ойыншылары арасында төбелес болды.
«Ақтөбе» футбол клубы кешегі матч барысында және одан кейін «Қайрат» футбол клубы өкілдерінің тарапынан орын алған жайттарды қатаң сынайды.
Атап айтқанда, Қазақстан футбол федерациясының Әдеп кодексінде (2-тарау, 13 тарауша) көрсетілгендей, ойынның ресми тұлғалары «ҚФФ, FIFA және UEFA қабылдаған құжаттардағы жүріс-тұрыс ережелерін сақтауға» міндетті екені жазылған.
Ойын кезінде «қызыл қағаз» алып, алаңнан қуылған «Қайрат» ФК бас бапкері Рафаэль Уразбахтин жергілікті жанкүйерлерге балағат сөз айтып, еңбектеген баладан еңкейген қарияға дейін жиналған көрерменге құрметсіздік танытты.
Бұдан сәл ертерек «қызыл қағаз» алған «Қайрат» ФК ойыншысы Валерий Громыко матч ұйымдастырушыларының әрекетін «қол соғып» мысқылдап, «парақорлықты» тұспалдайтын қимылды ыммен жеткізді. Бұл Әдеп кодексінің 10-тарау 40-тармағында көрсетілген «жемқорлық бойынша күмән келтіру» дерегін қозғайтынына назар аударамыз.
Матчтан соң «Ақтөбе» ойыншысы Идрис Умаевты боқтық сөзбен арандатқан «Қайрат» ФК ойыншысы Дэн Глейзер еш жазасыз қалып, Умаев, керісінше «қызыл қағаз» алды.
Жоғарыда аталғандардың негізінде «Ақтөбе» футбол клубы ҚФФ Бақылау-тәртіптік және этикалық комитетінің күн тәртібіне осы көтерілген мәселелерді шұғыл енгізіп, тез арада тиісті шаралар қабылдауды талап етеді», - делінген «Ақтөбе» таратқан мәліметте.
КПЛ-ның 11-турындағы «Ақтөбе» – «Қайрат» матчы алматылық команданың жеңісімен аяқталды – 2:1. Ойын барысында даулы жайттар туындап, «Ақтөбе» ойыншысы Идрис Умаев, «Қайрат» ойыншысы Валерий Громыко және алматылық клубтың бас бапкері Рафаэль Уразбахтин алаңнан қуылды.