ПСЖ «Интердің» тас-талқанын шығарып, тарихында алғаш рет Чемпиондар лигасын жеңіп алды

01.06.2025, 02:08

Париждік клуб биыл требл авторы атанып отыр

ПСЖ «Интердің» тас-талқанын шығарып, тарихында алғаш рет Чемпиондар лигасын жеңіп алды
Getty Images

ПСЖ футбол клубы тарихында алғаш рет Чемпиондар лигасын жеңіп алды. Финалдық матчта миландық «Интермен» ойнаған париждіктер қарсылас қақпасына жауапсыз бес гол соқты.

Бірінші тайм бастала салысымен Луис Энрике шәкірттері шабуылға лап қойды: допты бақылауында ұстап, өткір шабуылдар ұйымдастырды. Мұндай тактика көп ұзамай нәтижесін де берді, 12-минутта қорғаушылардың қателігін ұтымды пайдаланған Ашраф Хакими есеп ашты. Ал, 20-минутта Дуэ есепті еселеп, командалар бірінші таймды тәмамдады.

Екінші таймда да ПСЖ ойыншылары допты өз бақылауында ұстады. Нәтижесінде 63-минутта Дуэ дубль авторы атанса, араға тура он минут салып Хвича Кварацхелия «Интер» қақпасына төртінші допты соқты. Ал, ойындағы соңғы нүкте 86-минутта қойылды: Сенни Маюлу қанжығасын майлап, таблодағы көрсеткішті 5:0-ге жеткізді.

Осылайша Луис Энрике екі бірдей клубпен Чемпиондар лигасын жеңіп алған бапкер ретінде тарихта қалса, ПСЖ биыл требл авторы атанып отыр: париждіктер бұған дейін Франция чемпионаты мен Кубогінде де топ жарған еді.

Бұл туралы не ойлайсыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулану 0
×
Жаңалықтар Футбол Хоккей Бокс MMA Теннис Баскетбол Ұлттық спорт Матч-болжам