
Неймар қарсылас команданың айып алаңында қолмен гол соқты
«Сантостың» бразилиялық шабуылшысы Неймар «Ботафого» қақпасына қолмен гол саламын деп ойыннан қуылды.
Бразилияның «А сериясы» аясындағы матч 1 маусымнан 2-сіне қараған түні Сан-Паулу штатында өтті. Кездесудің 76-минутында есеп 0:0 болып тұрған сәтте, Неймар қарсылас команданың айып алаңында қолмен гол соқты. Алайда төреші мұны байқап қойып, голды есепке алған жоқ және Неймарға екінші сары қағазын көрсетіп, оны ойыннан шеттетті.
Ойыннан кейін Неймар әлеуметтік желіде былай деп ақталуға тырысты:
«Гол соғуға деген үміт кейде бізді қателікке итермелейді… Мен өз командаластарымнан және жанкүйерлерден кешірім сұраймын! Бұл менің қателігім, кешіріңіздер!
Егер алаңда қалғанымда, 3 ұпай еншілер едік деп ойлаймын… Бұл 3 ұпайды менің атыма жазсаңыздар болады».
Неймар алаңнан қуылған соң, 10 футболшымен қалған «Сантос» қақпасына бір гол жіберіп алып, қарсыласынан 0:1 есебімен жеңілді.
Айта кету керек, футбол тарихындағы ең әйгілі «қолмен соғылған» голдардың бірі — аргентиналық аңыз ойыншы Диего Марадонаның 1986 жылғы әлем чемпионатының ширек финалында Англияға қарсы ойында соққан добы. Ол кезде Марадона қақпашымен талас кезінде жұдырығын көтеріп, допты қақпаға бағыттаған. VAR жүйесі мен видеоқайталау болмағандықтан, гол есепке алынған. Сол матчта Марадона тағы бір гол соғып, Аргентина 2:1 есебімен жеңіске жеткен.