
19 жастағы вингер Дезире Дуэ – футбол сүйер қауымның жаңа жұлдызы
ПСЖ-ның финалдағы ойынында қаһарман деген атаққа дәл осы 19 жастағы вингер Дезире Дуэ лайық болғаны анық. Ол құрамда Брэдли Барколяны негізгі құрамнан ығыстырып, «Интерге» қарсы кездесуде бастапқы минуттардан алаңға шықты. Жай шыққан жоқ, жарқ етті. 12-минутта Ашраф Хакими нәтижелі пас берсе, арада сегіз минут өткен соң өзі де гол соғып, оны Килиан Мбаппе стилінде тойлады.
63-минутта Витиньяның әдемі пасынан кейін Дуэ тағы да мергендік танытып, есепті 3:0-ге жеткізді. Голдан соң жейдесін шешкені үшін сары қағаз алды, бірақ ол уақытта мұның ешқандай маңызы жоқ-тын. Сөйте тұра бас бапкер Луис Энрике оны алмастыру туралы шешім қабылдады. Тәуекелге барғысы келмеген болар. Есесіне Дуэ алаңнан жарық жұлдыздай кете барды. Бұл заңды да. Себебі үш жыл бұрын бұл есімді ешкім білмейтін.
Ендеше, өзіне әлем назарын аудартқан футболшы жайлы 15 дерекке көз жүгіртіп, жақынырақ таныссақ.
1. Дезире Францияның Анже қаласында дүниеге келген. Анасы – француз, әкесі Кот-д’Ивуар тумасы. Әкесі ұлына қарапайымдылық пен сабырлылықты үйреткен. Ал Дуэнің басты арманы Франция құрамасында ойнап, чемпион атану.
2. Дуэ спортшылар отбасынан шыққан. Ағасы Гела Дуэ «Ренн» академиясының қарауында болған, қазір «Страсбург» клубында сол жақ қорғаушы. Бөлесі Янн Гбоо – «Тулуза» ойыншысы, кәсіби жолын ол да «Реннде» бастаған. Тағы бір туысы Нумандьез Дуэ – Кот-д’Ивуарда футбол төрешісі. Ал Марк-Оливье Дуэ Испанияның үшінші лигасындағы «Понферрадинада» ойнайды.
3. Дуэнің әкесі – бұрынғы боксшы. Бұл қасиет Дезиреге де берілгені көрініп тұрады. Мамандар оның бала кезінен-ақ ересек деңгейде физикалық қарсылық көрсетуге қабілетті болғанын айтады. Соның арқасында қарсыластарын шеберлікпен емес, тікелей дриблингпен, күшпен айналып өтетін ойыншы.
4. Ағасы Гела – Дезире үшін өте жақын адам. Дуэ: «Екеуміз егіз сияқтымыз. Бір-бірімізге бәрін айтамыз. Ол мені үнемі қолдап отырады», – дейді.
5. Оның футболдағы кумирлері – Неймар мен Лионель Месси. «Олар маған армандауға жол ашты», – дейді Дуэ.
6. Ол бес жасында «Ренн» академиясына қабылданып, он жылдан кейін қосалқы құрамға қосылды. Бастапқыда допты тым ұзақ ұстайтыны үшін жиі сын естігенімен, уақыт өте келе бұл қателіктерін түзеп, бапкерлердің көңілінен шыққан футболшыға айналды.
7. Бапкерінің қорғанысқа бет бұру туралы тапсырмасы ұнамай қалса керек, 11 жасында футболдан кетемін деп ойлаған. Әкесі бір сұхбатында сол кезде ұлының футбол ойнағысы келмей қалғанын айтып еді. Бірақ отбасымен сөйлесіп, сүйікті спортын жалғастыру туралы шешім қабылдайды.
8. 17 жасында «Ренннің» негізгі құрамына өтті. 2022 жылы жазда «Лорьянмен» өткен матчта алғаш рет алаңға шықты, ал үшінші матчта «Брестке» қарсы алғашқы голын соқты.
9. 2022 жылғы қазанда Киевтің «Динамосына» алғашқы голын соғып, еурокубоктың клубтық турнирлерінде гол соққан ең жас француз атанды – 17 жас, 4 ай және 3 күн.
10. Бапкер Бруно Женезьо Дуэнің талантын бірінші болып танығанымен, араларында келіспеушіліктер де жиі болған. 2023 жылы «Лионмен» ойында «ол команданы ойламайды» деп ашуланған маман футболшыны 17-минутта алмастырады.
11. Бірақ Дуэ тез есейді, бұған дейінгі сындардан сабақ алғанын дәлелдеп, келесі маусымда тұрақты түрде ойнады. Жаңа бапкер Жюльен Стефан да оған сенім арта бастады.
12. 2024 жылғы жазда Дуэні «Бавария» мен «ПСЖ» қатарларынан көргісі келді. Мюнхендік клуб өкілдері тіпті жас футболшының отбасымен хабарласқан. Бірақ Дуэ Олимпиада финалынан кейін ПСЖ-ны таңдады.
13. Дезире ПСЖ-ның Уоррен Заир-Эмери мен Брэдли Барколя сияқты жастарға сенім артып отырғанын көріп, содан шабыттанды. Уақыт бұл шешімнің дұрыс болғанын дәлелдеді.
14. 14-нөмірді таңдауы да бекер емес. Өзі еліктейтін Блез Матюидидің құрметіне алған: «Оның ойында барын салатыны ерекше ұнайтын» дейді Дуэ. Жаңа клубында алғашында қосалқы құрамда болғанымен, көп ұзамай бас бапкер Энрикенің сеніміне ие болып, Барколяны ығыстырды.
15. Биылғы маусымда Дуэ ПСЖ сапында барлық турнирде 15 гол соғып, 16 нәтижелі пас беріп үлгерді. 19 жас 11 ай 28 күнде Чемпиондар лигасының финалында екі гоқты. Еуропаның басты клубтық турнирінің финалында гол соққан ең жас футболшылар Карлос Альберто («Порту») мен Патрик Клюйверттен («Аякс») кейінгі орында тұр.
Айтпақшы, «Дезире» есімі француз тілінен аударғанда «қалау» дегенді білдірсе, «Дуэ» «дарынды» деген мағынаны білдіреді. Ендеше, футболшының дәл осылай жасындай жарқырауы заңдылық секілді.