
«Краснодар» командасы Ресейдің чемпионы атанған соң Смоловпен келісімшартты бұзды
Ресей құрамасының бұрынғы шабуылшысы Фёдор Смолов алдағы уақытта Алматының «Қайрат» клубына ауысуы ықтимал.
Жуырда Ресейдің «Краснодар» командасы алғаш рет чемпион атанғаннан кейін, Смолов пен клуб келісімшартты бұзу туралы байламға келді.
35 жастағы футболшы бұған дейін Ресейдің «Анжи», «Динамо» (Мәскеу), «Урал», «Локомотив» секілді клубтарында, сондай-ақ Испанияның «Сельта» және Нидерландтың «Фейенорд» командаларында ойнаған.
Sports24.kz мәліметінше, ойыншының агенті Герман Ткаченко «Қайрат» клубымен тығыз жұмыс істейді. Дастан Сәтпаевтың Лондонның «Челси» клубына ауысуына көмектескен де дәл осы Ткаченко. Ол сондай-ақ «Қайрат» ойыншысы Әкежан Қалиқұловтың да өкілі.
Бұған дейін «Қайрат» ресейлік тағы бір танымал шабуылшы Артём Дзюбаға қызығушылық танытқан еді. Алайда Дзюба Ресейде қалуды жөн көріп, «Акрон» клубымен келісімшартын ұзартты.