
Ұлыбритания құрамасының бұрынғы капитаны Дэвид Бекхэмге рыцарь атағы беріледі
Ұлыбритания құрамасының бұрынғы капитаны Дэвид Бекхэмге рыцарь атағы берілмек. The Sun басылымының мәліметінше, 50 жастағы футболшының есімі Карл III королінің туған күніне орай келесі аптада жарияланатын мемлекеттік марапаттар тізіміне енгізіледі.
Атақ берілгеннен кейін Бекхэм «сэр» құрметті атағына ие болады. Ал оның жұбайы, Spice Girls тобының бұрынғы мүшесі Виктория Бекхэм «леди» мәртебесіне ие болады.
Дэвид Бекхэм — әлемдегі ең танымал әрі ықпалды футболшылардың бірі. Ол кәсіби мансабында «Манчестер Юнайтед», мадридтік «Реал», «Пари Сен-Жермен», «Лос-Анджелес Гэлакси» секілді клубтарда ойнап, 2013 жылы футболдағы жолын аяқтаған. Ресми деректерге сәйкес, Бекхэм 718 матч өткізіп, 127 гол соғып, 214 нәтижелі пас берген.
Мансабын аяқтағаннан кейін ол сән және парфюмерия индустриясына бет бұрып, жеке брендін құрды. 2018 жылы АҚШ-тың Жоғары лигасында (MLS) өнер көрсететін «Интер Майами» футбол клубының президенті атанып, команда 2020 жылғы маусымнан бастап ресми ойындарға қатыса бастады.