
Қазақстан 9 маусымда Солтүстік Македониямен кездеседі
Футболдан Қазақстан құрамасының бас бапкері Әли Әлиев Қазақстан құрамасының УЕФА-да өнер көрсетуінің артықшылықтарына тоқталды.
Бас бапкер бұған дейін Өзбекстанның әлем чемпионатына шыққанына қатысты пікір білдіре отырып, «есесіне біз Еуропада ойнаймыз, бізге Франция, Бельгия секілді құрамалар келеді» деп ақталуға тырысқан. Осы орайда маманға «төрткүл дүниенің үздіктерімен ойнап, масқара болып ұтылғанша, Азия елдерімен бақталасып, әлем чемпионатына жолдама алған әлдеқайда дұрыс емес пе?» деген сауал қойылды.
«Әлем чемпионатына шығуымыз керек, онымен келісемін. Бірақ біздің Еуропа не Азияда болуымызды басшылық шешеді. Қазақстан УЕФА құрамына енгелі ұйымнан белгілі бір дәрежеде қаражат алып келеді. Ал Азия футбол конфедерациясы ешқашан футболға қомақты қаражат бөлген емес. Тіпті клубтардың өзі УЕФА-дан қаржылық қолдау алып отыр. «Астана» да еуропалық лигалардың белгілі бір кезеңіне өткені үшін сыйақы алады. Осы тұрғыдан алғанда УЕФА-ның көмегі көп».