«Таза популизм»: Саян Хамитжанов депутат Самат Нұртазаның мәлімдемесін сынады

18.06.2025, 15:08

Хамитжанов Қазақстан УЕФА-ға ауыспай, Азия қалуы керек деген сыңайдағы пікірлерге де жауап берді

«Таза популизм»: Саян Хамитжанов депутат Самат Нұртазаның мәлімдемесін сынады
Коллаж 1bol.kz

Танымал футбол функционері Саян Хамитжанов Өзбекстанды әлем чемпионатына жолдама алуымен құттықтап, қазақ және өзбек футболының даму жолдарын салыстырды.

«Өзбекстанды тарихи жетістігімен, яғни әлем чемпионатына жолдама алуымен шын жүректен құттықтағым келеді. Бұл елде менің көптеген достарым бар, ұлттық құрама мен жаттықтырушылар құрамында да Қазақстан футболына жақын азаматтар көп», - деді ол.

Хамитжанов Қазақстан УЕФА-ға ауыспай, Азия қалуы керек деген сыңайдағы пікірлерге де жауап берді. Ол Өзбекстанның бұл табысқа кешенді атқарылған жұмыс нәтижесінде жеткенін тілге тиек етті.

«Бұл - таза популизм. Азияға оралу ештеңеге кепілдік бермейді. Өз күшімізді асыра бағалап, Азия құрамаларынан бір саты жоғары екенбіз деп ойлаудың қажеті жоқ. Өзбекстан бұл жетістікке әлсіз қарсыластардың арқасында емес, нақты әрі ауқымды жұмыс нәтижесінде жетті. Елде футболды дамытуға арналған мемлекеттік бағдарлама қабылданды, футболға инвестиция салатын демеушілерге салықтық жеңілдіктер қарастырылды, соңғы жылдары жеті жаңа стадион салынды. Соның арқасында олар жастар арасында Азия кубогын жеңіп алды, жастар құрамасы әлем чемпионатына шықты, Олимпиадаға жолдама алды, енді ересектер құрамасы да 2026 жылғы әлем чемпионатына қатысады.

УЕФА-ға келер болсақ, Қазақстан үшін Еуропаның мықты құрамаларымен жыл сайын ойнау – үлкен мүмкіндік. Бұл бізге бәсекелестік ортада тәжірибе жинауға көмектеседі. Егер УЕФА Өзбекстан мен басқа да Азия елдеріне есік ашса, олар бір сәт те ойланбастан келісер еді. Бұған мысал – Сауд Арабиясы футбол федерациясының УЕФА-ға ел чемпионын Чемпиондар лигасына қосу жөніндегі ұсынысы. Олар бұл жоба үшін миллиардтаған доллар бөлуге дайын болған», - деді функционер.

Сонымен қатар ұлттық құрама беделді турнирлерге қашан қатысатыны жайлы ойын да ортаға салды.

«Қазақстан футболы дамуы үшін Еуропа құрамаларымен ойнағанға мәз болып жүру жеткіліксіз, жүйелі жұмыс қажет. Өзбекстанның 2018 жылы қабылдаған және 2030 жылға дейін күшінде болатын мемлекеттік бағдарламасы секілді кешенді жоспар бізге де ауадай қажет. Футболдағы мәселелер кешенді түрде шешілмесе, біздің Еуро немесе әлем чемпионатына қатысу жайлы арманымыз арман күйінде қалады. Қазір қазақстандық футболдың алдында тарихи мүмкіндік тұр. Тәуелсіздік алғаннан бері алғаш рет президентіміз бұл салаға айрықша көңіл бөліп отыр. Қасым-Жомарт Кемелұлы футболды дамыту туралы мәселені құрылтайда көтеріп, өңір әкімдеріне стадиондар салу туралы нақты тапсырмалар берді. Қазірдің өзінде бірқатар облыста жаңа футбол инфрақұрылымы бой көтеріп жатыр.

Сондықтан Қазақстан футбол федерациясының басты мақсаты – мемлекеттік бағдарламаның жобасын дайындау. Президентіміз бұл бастаманы қолдайтынына сенімдімін. Өйткені футбол – Қазақстанда ғана емес, бүкіл әлемде нөмір бірінші спорт. Ол халықтың барлық буынына спорт арқылы серпін беретін, қоғамды біріктіретін мықты құрал. Бүгінгі мүмкіндікті пайдалану – біздің қолымызда. Егер оны дер кезінде тиімді қолданбасақ, бұл үлкен қателік болады», - деді Саян Хамитжанов.

Бұл туралы не ойлайсыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 1
Ашулану 0
×
Жаңалықтар Футбол Хоккей Бокс MMA Теннис Баскетбол Ұлттық спорт Матч-болжам