«Өзбек боксшылары ұтылды» деген сөзді қаламаймын». Толқын Киличев Астанаға неге келмегендерін айтты

Бүгін, 12:22

Киличев неліктен екінші-үшінші нөмірлі боксшыларды жібермегенін де түсіндірді. 

«Өзбек боксшылары ұтылды» деген сөзді қаламаймын». Толқын Киличев Астанаға неге келмегендерін айтты
Өзбекстан ҰОК

Бүгін Астанада World Boxing ұйымының аясындағы бокстан Әлем кубогының үшінші кезеңі басталады. Алайда бұл аламанға Өзбекстан құрамасы қатыспайды. Басты қарсыласымыздың елордаға неліктен ат бұрмайтыны туралы түрлі пікірлер айтылған. Осы орайда Аян Төлегенге берген сұхбатында Өзбекстан құрамасының бас бапкері Толқын Киличев көпшілікті мазалаған сауалға жауап берген.

«Дайындық жоспарымыз бар. Жаттықтырушылар құрамымен бірге алты ай көлеміндегі статистиканы талдаймыз: кімге қанша жекпе-жек жетіспейді, кімге жеткілікті – соны анықтаймыз. Кейбір спортшыларымызда тәжірибе аз болғандықтан, оларды Эйндховендегі турнирге жібердік. Онда әрқайсысы кем дегенде үш жекпе-жектен өткізді. Бұл Нидерландтағы жарыс – Ливерпульге дейінгі басты дайындықтың бір бөлігі. Дәл қазір бізге ішкі жаттығу процесіне назар аудару маңызды.Тағы бір жайт. Егер Қазақстанға барсақ, бұл жаттығу кестемізді бұзып, жарақат алу қаупін арттырар еді. Әрине, жоспарымыздан бас тартып, қатыссақ та болар еді, бірақ оның зияны өзімізге тиюші еді», - деді бас бапкер.

Киличев неліктен екінші-үшінші нөмірлі боксшыларды жібермегенін де түсіндірді. 

«Әрине, оларды жіберуге болар еді. Бірақ бұл – Әлем кубогы және ол Қазақстанда өтеді! Ал мен үшін кез келген боксшы – мейлі ол екінші, үшінші немесе төртінші нөмір болсын – Өзбекстан құрамасының өкілі. Ол ел намысын қорғайды. Сондықтан жеңіліс тапса, «Өзбек боксшылары ұтылды» деген сөз айтылады, ал мен ондайды қаламаймын. Қазір біз жалпы физикалық дайындыққа көңіл бөліп жатырмыз. Бізге Украина, Тәжікстан және Жапониядан боксшылар келді. Матчтық кездесулер өткізуді жоспарлап отырмыз», - деп қосты бапкер.

Естеріңізде болса, Нидерландтағы жарыста өзбекстандық Асадхуджа Муйдинходжаевтың Абылайхан Жүсіповтен жеңілгені біраз талқыға түсті. Маман осы жайтқа қатысты да пікір білдірді.

«Әлеуметтік желілерде не айтылса да – біздің шешім саяси немесе басқа бір жайттарға байланысты емес. Бапкерлер арасында да, федерация деңгейінде де қарым-қатынасымыз өте жақсы. Біз бір-бірімізді жақсы танимыз, спортшыларымыз бірге өсіп, бірге дамып келеді. Мен, тіпті, кейбір қазақстандық боксшыларды жасөспірім кезінен білемін – соның ішінде Абылайхан Жүсіпов те бар. Өзбекстан мен Қазақстан әлем және Азия чемпионаттарында әлі талай кездеседі. Екі елдің спортшылары биік белестерді бағындырып, әлемдік бокс тарихына өз аттарын алтын әріппен жазуына тілектеспін», - деп қорытындылады сөзін.

Бұл туралы не ойлайсыз?
Ұнайды 4
Ұнамайды 0
Күлкілі 1
Ашулану 2
×
Жаңалықтар Футбол Хоккей Бокс MMA Теннис Баскетбол Ұлттық спорт Матч-болжам