
35 жастағы жаттықтырушы қаза тауып, 7 бала түрлі жарақатпен ауруханаға жеткізілген
Биыл көктемде Астана маңында апатқа ұшыраған микроавтобус жүргізушісіне екі жыл бас бостандығынан айыру және үш жыл жүргізуші куәлігінен айыру жазасы тағайындалды.
Естеріңізде болса, жол-көлік оқиғасы 18 сәуір күні Павлодар – Астана тас жолында болған. ZHEST_KZ хабарлауынша, ішінде 16 жас спортшы отырған микроавтобус жүк көлігін басып озамын деп аударылып кеткен.
Апат салдарынан 35 жастағы жаттықтырушы қаза тауып, жеті бала түрлі жарақатпен ауруханаға жеткізілген.
Тергеу барысында жүргізуші жол ережесін бұзып, көлікті басқара алмай қалғаны анықталды.
Сонымен қатар, сапар жергілікті полициямен келісілмеген. Ал жолға шығуға ата-аналар тек WhatsApp чатында рұқсат берген, ешқандай ресми құжат рәсімделмеген.
Сот жүргізушіні адам өлімі мен балалардың жарақат алуына себеп болған жол апатына кінәлі деп таныды.
Ол екі жылға бас бостандығынан айырылып, үш жылға көлік жүргізу құқығынан айырылды. Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.