
Шыңғыс Қалиев «Қайрат» академиясына 12 жасында қабылданған
«Қайрат» академиясының түлегі, қазіргі таңда Испанияның «Леванте» клубының жүйесінде ойнап жүрген Шыңғыс Қалиев 16 жастағы шабуылшы Дастан Сәтпаевпен достығы туралы айтып берді. Бұл туралы BorodAbata.kz мәлімдеді.
«Біз ол кезде күн сайын жаттығу алдында да, кейін де қосымша дайындалатынбыз. Бала күнімізден бастап тәртіпке үйрендік. Кейде YouTube пен Instagram желілерінен кәсіби футболшылардың өмір салты, тамақтануы, жаттығулары жайлы видеоларды бірге қарап, талдайтынбыз. Мен «Қайрат» командасына жаңадан қосылғанда, Дастан сол кездің өзінде үздік әрі ең нәтижелі ойыншы атанып үлгерген еді. Командада ең жақын араласқан адамым Дастан болды.
Екеуміз жақын доспыз. Қазақстанға демалысқа келген сайын міндетті түрде кездесеміз немесе телефон арқылы сөйлесеміз», - дейді Қалиев.
Шыңғыс Қалиев «Қайрат» академиясына 12 жасында қабылданған. Ал 15 жасында Испанияға көшіп, «Леванте» академиясына қосылған.
2025 жылғы маусымда Қазақстан Премьер-лигасында Дастан Сәтпаев 14 матчта 8 гол соғып, 3 нәтижелі пас берген.