
Италия – Еуропаның екі дүркін чемпионы
Футзалдан 2026 жылғы Еуропа чемпионатына іріктеу аясындағы плей-офф кезеңінің жеребесі тартылып, Қазақстан құрамасының қарсыласы белгілі болды.
Финалдық кезеңге жолдама алу үшін Қазақстан құрамасы Италиямен кездеседі. Айта кетейік, Италия – Еуропаның екі дүркін чемпионы (2003, 2014). Екі ойыннан тұратын плей-офф матчтары 15 және 24 қыркүйекке жоспарланған.
Бұл кезеңде негізгі іріктеу раундындағы топтарда екінші орын алған сегіз үздік команда бақ сынайды. Еуро-2026 финалдық кезеңіне жеңімпаздар ғана жолдама алады.
Еске салайық, Қазақстан құрамасы Еуро-2026 іріктеу кезеңінде өз тобында 10 ұпаймен екінші орынды иеленген болатын. Бірінші орын 16 ұпай иеленген Армения құрамасына бұйырды. Футзалдан Еуро-2026 турнирінің финалдық кезеңі 2026 жылғы 20 қаңтар мен 7 ақпан аралығында өтеді. Доданы бірден үш ел қабылдайды: Словения, Латвия және Литва.