
ФИФА-ға футболдан әлем чемпионатын бірге өткізу туралы ресми өтініш жолдамақ
Әзербайжанға мемлекеттік сапармен барған Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиеев пен Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев екі елдің футболдан әлем чемпионатын бірлесіп өткізуге ниетті екенін мәлімдеді. Бұл туралы Azerisport.com басылымы хабарлады.
«Біз Ильхам Гейдарұлымен спорт мәселесі жөнінде жан-жақты пікір алмастық. Ең алдымен, оны Әзербайжанның шағын футболдан әлем чемпионатындағы жеңісімен құттықтағым келеді. Бұл – үлкен жетістік. Әзербайжан құрамасының жеңісіне шын жүректен қуанамыз. Енді біз бірлескен шешім қабылдадық: ФИФА-ға футболдан әлем чемпионатын бірге өткізу туралы ресми өтініш жолдаймыз. Бұл біздің ортақ табысымыз болар еді», – деді Мирзиеев.
Айта кетейік, футболдан әлем чемпионатын бір мемлекет емес, бірнеше ел бірігіп өткізетін тәжірибе соңғы жылдары кең етек ала бастады. 2026 жылғы чемпионат АҚШ, Канада және Мексикада өтсе, 2030 жылғы турнирге алты мемлекет қатысады. Бұл үрдіс посткеңестік кеңістіктегі елдерге де жетуі мүмкін.