
«Жетісу» өз алаңында «Астананы» қабылдап, 0:2 есебімен ұтылып қалды
«Жетісу» бас бапкері Самат Смақов «Астанадан» (0:2) жеңілген матчтан кейін ойынға қатысты пікірін білдірді.
«Ойыншыларға жанқиярлық танытқандары үшін ешқандай өкпем жоқ. Бірақ бүгінгі екі голға байланысты наразылығымды ашық айттым. Бірінші гол - бізде бұрыннан бар мәселе, концентрацияның жетіспеуі. Қалай бес-он секундтың ішінде гол өткізіп аламыз? Бұрын да осындай доптар жібергенбіз. «Қандай жолмен болсын - баспен, тіземен, бірақ сол қарсы шабуылды тоқтатыңдар!» деп айттым. Тоқтатпады, соның салдарынан бес секундта гол соқтырып алдық.
Екінші гол да өрескел қателік. Үш орталық қорғаушының ортасына доп түсіп, арттарында тұрған Чинеду соған қарамастан қашып шықты. Бұл ешқандай қисынға сыймайды. Бұрын ондай қорғаушыларды атып тастайтын, немесе алаңнан алып тастап, тіпті командадан қуып жіберетін.
Соған қарамастан, шәкірттерім алаңға шығып, барын салды. Бастапқыда-ақ оларды қатаң ойынға дайындадым, себебі шеберлігі жоғары қарсыласқа қарсы жалғыз амал - тығыз әрі қатты ойнау. Кей жерде тапсырманы орындады, кей тұста жас ойыншылар қобалжыды. Бірақ тырысты, күресті. Ақырында шеберлік өз дегенін істеді, матчтың тағдырын жеке шеберлік шешті», - деп түйіндеді Смақов.
Айта кетейік, Премьер-лиганың 15-турында «Жетісу» өз алаңында «Астананы» қабылдап, 0:2 есебімен ұтылып қалды.
Матчтың алғашқы голын 45+1 минутта Назми Грипши соқса, екінші голды 68-минутта Чинеду Джеффри тіркеді.
Ойын барысында төреші Рамазан Каримов (9-мин), Давид Есимбеков (54-мин) және Чинеду Джеффриге (16-мин) ескерту жасады.